Қытайлық танкілер Қазақстанда қайдан жүр? Министрліктің жауабы
Қытайлық танкілер Қазақстанда қайдан жүр? Министрліктің жауабы
ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері қытайлық танкілер тиелген пойыздарға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Әлеуметтік желілерде Қазақстан территориясынан өтіп бара жатқан қытайлық танкілер тиелген пойыз түсірілген видео пайда болған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл видеода "Бейбіт миссия" оқу-жаттығуының өткізілу орнына бара жатқан ШЫҰ мемлекеттері қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен олардың әскери техникасы түсірілген. "ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің "Бейбіт миссия" бірлескен лаңкестікке қарсы командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындалу шеңберінде Қытай ұлт азаттық әскерінің бөлімшелері ҚР аумағы арқылы теміржол эшелонымен Ресей Федерациясы, Челябі облысының Шұбаркөл полигонына қозғалуды жүзеге асыруда. Жүру бағыты Достық-Ақтоғай-Аягөз-Ауыл-Локоть маршруты, әрі қарай Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтеді. ҚХР-дың эшелондарына Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қарауылы еріп жүреді. Бұдан бұрын хабарланғандай, "Бейбіт миссия" оқу-жаттығуына ШЫҰ Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері қарулы күштерінің 3 мыңнан аса әскери қызметшісі және 500-ден аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Оқу-жаттығудың ниетіне сәйкес лаңкестердің билікті немесе мемлекеттердің бірінің аумақ бөлігін басып алуы жағдайында қатысушы елдер қарулы күштерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтау қарастырылған. ҚР Қарулы Күштерінің эшелондарын биылғы 18 тамызда оқу-жаттығудың өткізілу орнына жіберу жоспарлануда", - деп хабарланған ведомство сайтында.
kaz.tengrinews.kz