Денсаулыққа пайдалы пістелер
Күз айының ортасына жақындап қалсақ та, күннің суығы мен жаңбырына енді бойымызды үйретіп жатырмыз. Ауа райының тұрақсыздығы адам көңіл-күйі мен денсаулығына айтарлықтай өзгеріс алып келеді. Сол себепті күз айында денсаулыққа көп көңіл бөлу қажет. Ендеше құрамында түрлі дәрумендері бар пістелермен таныс бола отырыңыздар.
Зығыр дәні
Зығыр - ең пайдалы дәндердің бірі. Ол асқорытуды жақсартады. Құрамындағы Омега-3 қышқылының арқасында ол мықты антиоксидант бола алады. Сонымен қатар Омега-6б Омега-9 сынды айтулы қышқылдарға да бай өнімдердің бірі. Зығыр инсульттің алдын алып, қанның құрамындағы xолестеринді азайтады әрі адамның иммунитетін күшейтеді. Бұдан бөлек зат алмасуды реттеп, асқазан-ішек жолдары жұмыстарын реттейді. Әсіресе зығырды спортпен шұғылданатын жандар, оқушылар, студенттер және адам ағзасына зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндердің көбірек жегені дұрыс. Себебі зығырдың пайдасы өте күшті. Зығырды түрлі ботқаларға қосып жегеннің де пайдасы зор. Мысалы, сұлы жармасының ботқасына зығырды қосуға болады. Сонымен қатар бұл дәнді түрлі салаттарға, кекстер мен тәтті пирогтарға қосып жіберсе дәмін кіргізеді.
Асқабақ дәні
Басқа дәндер секілді асқабақ дәні де ақуыздың қайнар көзі. Әсіресе бұл дән ет жемейтін жандар үшін таптырмас тағам. Тәтті дәмі болғандықтан да оны кейде салаттарға, тәтті күлшелерге қосады. Асқабақ дәнінде 30-50% жоғары сапалы май бар. Сонымен қатар оның құрамында Омега-6 майлы қышқылы мен мырыш жеткілікті деп айтуға болады. Асқабақ дәні әсіресе ер кісілер үшін өте қажетті әрі пайдалы өнімдердің бірі. Себебі простатиттен зардап шегетін ер адамдар күніне 2 рет (таңертең және кешке аш қарынға 25 дана асқабақ дәнін жеу қажет) осы дәнді жесе, нәтижесін көп ұзамай көруге болады. Сонымен қатар бұл бағалы дәннің ішекқұрттарды жоятын да қасиеті бар. Ол үшін мынадай тәсілді пайдалануға болады. 300 грамм кептірілген асқабақ дәнін майдалайды. Майдалап жатқанда 50-60 мл суды жаймен тамызып отыру керек. Сосын дәмін кіргізу үшін бал немесе қант қосуға болады. Дайын болған қоймалжыңды бір сағат бойы бір шай қасықтан жеп отырып тауысу қажет. Сонда ғана ішекқұрттардан біржолата құтыла аласыз. Кейіннен осы емдік шараны жасап болған соң клизма жасап жіберген дұрыс. Сонымен қатар құрамындағы А, Е, В1, В2, В3, В6, В9, С, РР, Т, К және түрлі микроэлементтердің арқасында асқабақ майы көптеген ауруларға ем болады. Оны иммунитетті көтеру үшін, ағзаны токсиндер мен шлактардан тазарту мақсатында, көздің көруін жақсартуға, жүрек-тамыр және жүйке жүйелері ауруларында қолдануға болады. Бұдан бөлек асқабақ дәнінен алынған майды бауыр ауруларында, өт жолдарын тазалау үшін де ішеді және қатерлі ісіктің одан әрі өршуіне қарсы тұратын да қасиеті бар.
Күнбағыс дәні
Күнбағыс дәні ақуыздарға, майларға және аминқышқылдары мен Е, С дәрумендеріне бай. Сонымен қатар бұл дәнде каротин мен В дәруменінің барлық топтары кездеседі. Күнбағыс дәні Д дәруменін тасымалдаушы ғана емес, соның арқасында бауырдың бұзылуына жол бермейтін пайдалф өнім. Пістенің 100 граммында қара наннан 6 есе көп 311 мг магний бар. Қуырылмаған шикі пісте жараның тез жазылуына, сүйектің зақымданған жерлерін қалпына келтіруге көмегі зор. Сонымен қатар инфекциялы аурулармен ауырғаннан кейін күш беретін қасиетке ие және тәбетті ашатын да қасиеті бар. Егер де тәбетіңіз төмендеп, тамақтана алмай жүрсеңіз, пістені шала қуырып шағу қажет. Дегенмен, пістені қуырғаннан кейін оның құрамында пайдалы заттары қалмайды. Есіңізде болсын, пісте атеросклероз кезінде, жүрек-тамыр ауруларында жақсы көмекші бола алады.
Massaget.kz