Елімізде жалғызбасты ана тәрбиелеген азамат әскерден босатыла ма?
Қазақстанда жалғызбасты әйел тәрбиелеген азаматтар әскерден босатыла ма? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар брифингінде Қарулы күштері бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысының м.а. Ардақ Қуқатов жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Егер жалғызбасты әйел 1-ден көп бала тәрбиелеп отырса, әскерге шақырылушыдан басқа балалары 18-ге толмаса, азаматты әскерге шақыру уақыты кейінге шегеріледі. Егер де балалардың барлығы 18-ге толып қойған болса, шақырылушы мұндай құқықтан айырылады”, – деді Ардақ Қуқатов.Биыл елімізде күзгі әскерге шақыру маусымы 11 қыркүйекте басталған. Желтоқсан айына дейін жалғасатын бұл маусымда бас-аяғы 17 мың азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр. Олар – 1992-2000 жылдары аралығында туған ер балалар екен.
“Әскер қатарына денсаулығы мықты, сана сезімі елдің саясатына сәйкес, патриоттық сезімі жоғары және психологиялық-моральдық жағдайлары жоғары азаматтарды шақыруымыз керек. Неге десеңіз, қарулы күштерді осындай жігіттермен толықтыру арқылы еліміздің қорғанысының сапалы болуын қамтамасыз етеміз. Бүгінгі таңда әскери-шекара қызметіне шақыру жүріп жатыр, облыстар жұмысты бастап кетті”, – дейді Ардақ Қуқатов.
Stan.kz