Қазақстан мен Өзбекстан ғарышқа бірлескен жерсерік ұшырғалы отыр
Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы аясында Жерді қашықтан суретке түсіретін бес бірдей жерсерік жасап шығару да ұсынылып отыр.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алдағы жоспарларын жария етті. Соның ішінде Өзбекстанмен бірлескен жерсерік жасау жобасы да бар.
Халықаралық әскери-теxникалық ынтымақтастық департаментінің директоры Асланбек Сырлановтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жерсерігін жасауға қатысты нақты ұсыныстар бар. Аталған аппарат екі мемлекетке ғана емес, аймақтың басқа да елдеріне қызмет көрсете алады.
Қазіргі кезде біздің өзбек әріптестеріміз шетелдің жерсеріктерін қолданып келеді. Сондықтан бірлесіп бір жерсерік құрастыру туралы ұсыныс жасалды, – деді Асланбек Сырланов Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығына арналған Халықаралық конференцияда.
Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы аясында Жерді қашықтан суретке түсіретін бес бірдей жерсерік жасап шығару да ұсынылып отыр. Аталған аппараттар 5 метрге дейінгі заттарды анық түсіре алады.
Сонда Орталық Азияның әрбір мемлекеті бір-бір жерсерікті басқарып отырады. Алайда бес бірдей аппараттың мәліметтерін қолдануға мүмкіндік бар. Осылайша күн сайын жаңа суреттерді алуға болады. Осының бәрін Қазақстан ұсынып отыр, – деді Асланбек Сырланов.
Айта кетейік, бүгін Астанада жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын дамытуға арналған халықаралық конференция басталды. Шараның ұйымдастырушысы – ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты. Конференцияға Өзбекстан президенті жанындағы Аймақаралық және стратегиялық зерттеу институтының басшылығы да келді. Сонымен бірге екі елдің белді сарапшылары қатысып жатыр. Шара аясында екі институт өзара ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді.
https://baribar.kz