» » КҮЛЛІ АЛАШ МАҚТАН ТҰТАР ҚЫРАН ҚАЗАҚ

КҮЛЛІ АЛАШ МАҚТАН ТҰТАР ҚЫРАН ҚАЗАҚ

Бірде «Ел арнадан» қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм көрсетілді. Онда батыр Баукеңнің соғыс өнерін Куба әскерінің үлгі еткені жайлы айтылады. Әлеуметтік желіде Бауыржандай батырдың әскери тактикасынан Израиль жауынгерлері де тәлім алғанын айғақтайтын видео­ жүр.
Қазақтың қайсар ұлы, қаһарман Бауыржан­ Момышұлы қайталанбас алып тұлға. Ол – феномен. Оның батырлығы мен адамдық мінезін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Батыр атамыз Ұлы Отан соғысында «Момышұлы серіппесі» деп аталатын тактиканы қолданған. Осы әдіс арқылы талай мәрте жау қоршауын бұзып өтіп, сарбаздарын дұшпан оғынан аман алып шыққан. Кейде 150-200 адаммен бүтін бір дивизияға тән әрекеттерді жасаған. Ол Демьян қаласының түбінде өз әскерін 20 топқа бөліп орналастырған. Сөйтіп, немістердің тұтас бір дивизиясына түн ішінде бірнеше бағыттан соққы береді. Көшпелілер тәсілімен жүргізілген ұрыс фашистерді әбден састырады. Олар өздеріне тұтас дивизия шабуыл жасап жатыр деп ойлайды. Шын мәнінде сол сәтте Бауыржан Момышұлы сарбаздарының саны небәрі 157 адам болған екен. Осындай жойқын соғыстың арқасында мыңнан аса жау сарбазын жер жастандырады. Неміс генерал-полковнигі Эрих Гепнер өзінің кезекті бір баянатында құрамында Момышұлы бар 8-гвардиялық дивизияны «ұрысты жүргізудің барлық жарғылары мен ережелерін бұзып соғысатын, солдаттары тұтқынға түсе қоймайтын, өз істеріне шектен тыс берілген және өлімнен қорықпайтын жабайы дивизия», – деп атапты.

Екінші дүние жүзілік соғыстың Кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталғаны бел­гілі. Арада жылдар өтеді. Куба басшысы Фидель Кастро 1963 жылы Мәскеуге мемлекеттік сапармен келеді. Сонда одан: «Сіз үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың бас¬ты қаһарманы кім?» деп сұрапты. Кастро көп ойланбастан: «Бауыржан Момышұлы», – деп жауап берген екен. Сол жылы Баукеңді Кубаға арнайы шақыртады. Бауыржандай батыр қасына Олжас Сүлейменовті ертпек болып, ақынға қолқа салады. Бірақ, Олжас ағамыз белгілі бір себептермен сол жолы Кубаға бара алмайды. Баукең болса «Бостандық аралы» аталған елге барып, офицерлер алдында әскери дайындық жөнінде дәріс оқиды. Бұл елдегі әскерилер Баукеңнен, оның ерлік істері жайында жазылған Александр Бектің «Волокалам тас жолы» кітабын оқып, жауынгерлік қимылдардан тағы­лым алған екен. Сол жолы Баукең Фидель Кастроның аталған кітапты оқып отырған «Гранма» газетіндегі суретін елге алып келді.
Момышұлының әскери тактикасынан жалғыз Куба елі ғана сабақ алмаған. Мысалы, 1946 жылы белгілі тәржімашы Шломо Эвен-Шошан кітапты иврит тіліне аударады. Палмахтағы еврей ишувы астыртын қарулы күштері роталары бірінің командирі Бени Маршак бұл кітапты қарауындағы жауынгерлерге түгел таратып берген. Израиль­ мемлекеті құрылғаннан кейін Бауыржан­­ Момышұлының соғыс өнерінен сыр шертетін кітап сол елдің әскерилері оқитын оқулықтардың қатарына қо­сылды.
Әлеуметтік желіде тараған видео­да­ да осы жай баяндалады. Ресей президенті Владимир Путин Кремльде нацизм құрбандары мен қарсылық қозғалысы қаһармандарын еске түсіруге арналған кездесу өткізеді. Кездесуде сөз сөйлеген Израиль тарихшысы Арон Шнеер «Волоколам тас жолының» жас Израиль мемлекетін құруға көп көмегі тигенін негізге алады. «Сол кезде Израиль армиясының әрбір офицеріне қарумен бірге осы кітап берілді. Ол біз үшін жай оқу құралы ғана болған жоқ, сондай-ақ, қажет кезде басшылыққа алатын нұсқаулық та болды» деп атап өтеді. Тарихшының айтуынша, Израиль армиясы бас штабының бастығы генерал Мота Гурдың естеліктерінде мынадай оқиға айтылады. Ол өз сарбаздарына Бауыржан Момышұлының қорқақтық көрсеткен жауынгерге қарата айтқан сөзімен тіл қатады. «Сен тек өз позициям­­­­­­­­­­ды ғана тастап кеттім деп тұрсың ба? Жоқ, сен Мәскеуді жауға бердің», – деп бітіреді. «Мен содан кейін әскери тағзым еттім де, бұрылып кеттім. Бірақ, сарбаздар мен айтқан сөздің мағынасын толық түсінгендеріне күмәнданған емес­пін».
Бұл – Израиль әскері генералының айтқаны. Ол елде әлі күнге дейін «Волоколам тас жолы» қорғаныс армиясы офицерлерінің міндетті түрде оқуға тиісті кітабы болып саналады екен. Қазақтың қайсар ұлы, қаһарманы, алып тұлғасы, өршіл батыры Бауыржан Момышұлы әлі талай елдің азаматына үлгі болары сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстанның ұландары да Баукеңнің өнегелі өмірінен тағылым алады.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

23 қазан 2018 ж. 1 194 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930