Өкінемін: Сотталушы Құдайбергенов Денис Теннің ата-анасынан кешірім сұрады
Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне күдіктеліп отырған Арман Құдайбергенов спортшымен төбелес туралы айтты. Сонымен қатар ол Денистің ата-анасынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kzпорталына сілтеме жасап Stan.kz.
Құдайбергеновпен бірге аталған іс бойынша Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева өтіп жатыр.
Арман Құдайбергеновтің сөзінше, ол Қиясов және Толыбаевамен дос болған.
Арман Құдайбергеновтің сөзінше, ол Қиясов және Толыбаевамен дос болған.
«Мен Жанармен 29 сәуірде таныстым. Ол кезде достарыммен дәмхана барған едім. Ол автобөлшектер сатып алу үшін қалаға келген екен. Сол дәмханада телефон нөмірімізбен алмастық, артынша араласып кеттік. Арамызда сезім пайда болды. Ал Нұралымен 2017-2018 жылдары қыста көлік жуатын орында таныстық», – дейді сотталушы.
Мұнан кейін 2018 жылдың 19 шілдесінде болған оқиға туралы айтып берді. Айтуынша, 18 шілде күні таңертең Нұралы Қиясовтың ағасы Сұлтан Қиясовтың үйіне Манзура есімді қыз учаскелік полицеймен бірге арыз жазу үшін келген.
«Нұралы онымен кездесіп жүрді. Мұнан кейін полицейлер бізді алып кетті. Артынша Сұлтан Қиясовпен түсініспеушіліктер болып, біз көшіп кеткіміз келді. Сол күні кешке Абылай хан даңғылынан басқа пәтер жалдап, сол жерде Жанарды қалдырдық», – дейді Құдайбергенов.
18 шілденің түнінде Құдайбергенов пен Қиясов «Ангар» дәмханасына барып, мұнан кейін тағы бір дәмханаға барған. Құдайбергеновтің сөзінше, олар жолай такси қызметін көрсеткен.
«Мұнан кейін үйге келіп, дүкеннен 4 бөтелке сыра алдық. Жалдамалы пәтердің көлік тұрағына көлікті қойып, сол жерде екі бөтелке сыра іштік. Мен Нұралының ақшаға байланысты қиындықтар болғанын көрдім. Мен автокөліктен айнаны қалай ұрлау керектігін білетін едім. Бір-екі рет жасағанмын. Оған осылайша ақша табуды ұсындым. Артынша үйге кіріп, тағы екі бөтелке сыра ішіп, ұйықтап қалдық. Ал пышақ пен қолғапты шілденің 17-сінен 18-іне қараған түні сатып алдым. Нұралы мен Жанар көшеде тұрды. Олар менің бұл заттарды сатып алғанымды білген жоқ. Мен пышақты жасырып, көлікке алып келдім. Сол түні мен Қиясовқа пышақ сатып алғанымды айтқаным жоқ», – дейді Арман Құдайбергенов.
Оның сөзінше, 19 шілде күндіз олар Сұлтан Қиясовтың көлігімен Абай-Абылай хан бағытына жол тартқан.
«Жол бойы көліктерді қарап отырдым. Артынша Құрманғазы көшесіне бұрылуын сұрадым. Сол кезде Қиясов біздің көліктің айнасын ұрлауға бара жатқанымызды түсінді деп ойлаймын. Көліктің артында Толыбаева телефон ұстап отырды. Ол біздің әңгімемізді естіген жоқ. Себебі біз музыканың даусын қатты қойып тыңдап отырдық. Ол біздің ниетіміз туралы білмеді.
Құрманғазы көшесінен ақ түсті Lexus-ты және тағы бірнеше көлікті көрдім. Ақ түсті көліктен бастаймын, сонан кейін басқаларының да айнасын ұрлаймын деп ойладым. Біз көлікті жақын маңда қалдырып, Жанардан саяжолда күтуін сұрадым. Lexus-тың сол жағындағы бір айнасын шешіп алдым. Мұнан кейін екіншісін шешіп алмақ болғам. Алайда адамдар көптеп жүре бастады. Нұралы менен 3-4 метр жерде рюкзагымен тұрды. Пышақ рюкзакта болған. Мен бір айнаны апарып, рюкзакқа салдым», – дейді Құдайбергенов.
Оның сөзінше, мұнан кейін ол көліктің екінші айнасын шешіп алып, артынша Денис Тенді көрген.
«Ол: «Не істеп жатырсыз?» – деп сұрадым. Менің қолымнан айнаны көріп, өз көлігіне қарады. Айнаға жармасты. Мен оған айнаны қайтарып беріп, егер ұсталып қалсам, Астанадағы оқиға белгілі боп қалатынын түсіндім. Айнаны қалдырып, жүгіре жөнелдім. Toyota Camry-дің алдына құлап, оны айналып өтіп, Денистің соңымнан жүгіріп келе жатқанын көрдім. Мұнан кейін ол мені спорт алаңының маңында қуып жетіп, төбелесіп кеттік. Мен көліктен 50-60 метр жерге қашып үлгерген едім. Шынымды айтсам, төбелес кезінде оған әлім жетпеді. Мұнан кейін белдігімді шешіп алып, төбелесте қолдандым. Қашып кеткім келді. Әйтпесе, түрмеге отыратын едім. Екі рет белдікпен ұрдым. Біреуі оған тиді, екіншісі тиген жоқ. Ол мені басымнан ұрды. Салдарынан 5-6 секунд көлемінде не боп жатқанын ұқпай қалдым. Есімді жиғанда Денистің отыра қалғанын көрдім», – дейді сотталушы.
Мұнан кейін Құдайбергенов Қиясов екеуінің қашып кеткенін айтты. Сөзінше, жолай Қиясов пышақты лақтырып жіберген.
«Мен пышақты не үшін лақтырғанын сұрадым. Ол Дениске екі рет пышақ сұққанын айтты. Бірақ пышақтан қанның ізін байқамадым. Мен одан не үшін пышақтағанын сұрадым. Ол мұның қалай болғанын түсінбей қалғанын айтты. Тек тергеу кезінде оның жарақттанғанын және сол жерде қан болғанын білдім. Оған дейін ештеңе білмедім және төбелес орнынан қанды көрмедім. Артынша аулалардың арасымен көлікке бардық. Сонан соң Жанарға қоңырау шалып, бізге келуін айттық. Оны алып кетіп, Сайран жаққа жол тарттық. Нұралының мазасы қашып отырғанын көрдім. Денис өлмейді деп үміттендік. Нұралының пышақты қай жерге сұққаны туралы талқыладық», – дейді ол.
«Бірінші кезекте Денистің ата-анасынан және бүкіл қазақстандықтан кешірім сұрағым келеді. Шынымен өкінемін. Біреуді өлтіреміз деген ойымыз болған жоқ. Тек ақша табуды ойлап, сол үшін айна ұрлығына бардым. Ұрлық туралы айыпты мойындаймын. Алайда адам өліміне алып келетін әрекет жасағаным жоқ. Тек Денисті бір-екі рет ұрып жібердім. Нұралы екеуіміздің арамызда адам өлтіру туралы келісім болған жоқ, біз тек ұрлыққа бардық. Нұралы бақылап тұрып, ұрлықты ешкімнің көрмегенін қадағалауы керек болатын. Ұсталып қалған жағдайда не істейтініміз туралы ойластырған емеспіз. Адам өлтіру туралы айыпты мойындамаймын», – дейді Құдайбергенов сотта.
Stan.kz