iPhone неге аязда сөніп қалады?
Аяз. Қар. Мұздақтар. Қыс – ең керемет жыл мезгілдерінің бірі. Тек, қолымыздағы iPhone үшін қыстан асқан азап жоқ. Ауа температурасы нөлден сәл төмендеген бойда, қолымыздағы ұялы телефонымыз істен шыға бастайды: алдымен экранды басу мүмкін болмайды, кейін интернет ұстамайды, біраздан соң қуаты таусылып, өшіп қалады. Неге?
Apple компаниясының сөзіне сенсек, iPhone жұмысы үшін қалыпты температура – 0-ден +35 °C дейін. Ал, оны өшкен күйінде -20 мен +45 °C аралығында сақтауға болады. Ал, суық ауада өз жұмысын дұрыс атқармауы оның ішіндегі литий-ионды аккумуляторлармен байланысты. Аязда қуат көзіндегі иондар өз қасиеттерін жоғалтып, ішкі кедергі артады да, сыйымдылығы төмендейді. Соның кесірінен, iPhone өшіп қалады. Бұл қиындықтан қалай құтылуға болады?
1. Көшеге шықпас бұрын iPhone қуатын 100% дейін толтырыңыз: Қарапайым, бірақ тиімді кеңес. Қуаты неғұрлым көп болса, соғұрлым ұзақ жұмыс істейді.
2. Арнайы қаптамаға (чехол) салыңыз: Кейде арнайы қаптамалар оның экраны мен сыртқы қабатына зиян келуден сақтап қана қоймай, оның аязда сөніп қалмауына да әсерін тигізеді.
3. Жадыда көп орын алатын ойындарды іске қосыңыз: Ойнамасаңыз да бір қыс үшін ойынды жүктеп алуға тура келеді. Ол ойындарды үйден шықпай тұрып іске қосыңыз. Ойын аккумулятордың суып кетуіне жол бермейді. Осылайша, оның жұмысын ұзартады.
4. iPhone-ды денеңізге жақын ұстаңыз: Смартфоныңызды ішкі қалтада сақтағаныңыз жөн. Біріншіден ішкі қалта жылуды сақтаса, екіншіден денеге жақын орналасу арқылы дене температурасында өз жұмысын атқара алады.
massaget.kz