» » Жер-жаһанға таралған дала гүлі

Жер-жаһанға таралған дала гүлі

Мен жарық дүние есігін ашқаннан соң үш күн өтер-өтпестен ата-анам Қызылқұмға көшіп барыпты. Өздеріңізге белгілі, ол кезде ауыл адамдарының көбісі отбасымен сол қызылдың қиясында мал бағады. Қазіргідей қаптаған жұмыс орны жоқ, елдің тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Менің отбасым да ес білгенімше Жаңадария елді мекенінің батыс жақ бетінде орналасқан Қызылқұмда мал баққан. Әкем таң атысымен жылқысын ерттеп мініп, уақ малдарды жайылымға айдап кетеді екен. Ал, анам киіз үйде есік алдындағы ашық қорадағы қозы-лақтарға қарап қалады. Шыжыған күн төбеңнен төніп тұрғанда шөл далада құмды төбешіктердің арасында жаңа туылған шақалақпен жалғыз қалу оңай емес. «Әкең мал айдап кететін. Мен сенімен қара үйде жалғыз қаламын. Кейде қорадағы қозы-лақтар шығып кетіп, әрқайсысы әр төбешікке шашырап жайылатын. Күн ыстық. Шегеқұм табаныңды күйдіреді. Сені құндақтап алып, әр төбешіктен қозы-лақтарды іздеп, түгендеп қораға қамауым керек. Ол кезде қазіргідей көлеңкелеп отыру жоқ қой. Кейде адасып та кетемін. Әйтеуір, кезіп жүріп елді табушы едім» деп сол кезді анам жиі есіне алып отырады.
Иә, Қызылдың қиясында елсіз жерде күн кешу қазіргі мына біздерге мүмкін емес дүние секілді. Бірақ, сол Қызылқұмда талай күндері өтсе де, көктем шыға төбешіктерді, жазықтықты қаптайтын сарғалдақ пен қызғалдақты айтсаңызшы?! Әкемнің екі сөзінің бірі сол – қырмызы гүлдер. «Аяқ басуға қимайсың, жазықтық түгел қызыл-сары түске енетін еді» дейді. Ес біле бастағанымда аңсарым ауып, талай мәрте көргім келді. Көктем шыға Қызылқұмға арнайы барып, көздің жауын алып, жайнаған қызғалдақ пен сарғалдақтың табиғатты қандай әсемдікке бөлегеніне куә болдым. Шыжыған күннің асты болса да, маған ол жер ыстық. Өйткені, дүниеге келе сала сол жердің ауасымен тыныстадым, сол жерде алғашқы қадамымды бастым, сол жерде қозы-лақтармен ойнадым. Мен үшін балалық шағымда әдемі естеліктерімен, әсемдігімен есімде қалған қызғалдақ гүлі сұлулықтың символы іспеттес. Әңгімемізге тұздық болған да осы қызғалдақ гүлінің қазақ жерінен бүкіл жер жүзіне таралуы.
Шынында, кең байтақ қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдікке бай. Менің жоғарыда айтқаным құмды жазықтықтың көктемгі табиғаты ғана. Республикамыздың басқа аймақтарында қаншама сұлу жерлер, гүлді алқаптар, әсем гүлзарлар бар. Қызғалдақ гүлінің біздің жерімізде 32 түрі кездеседі екен. Оның 12-сі тек қазақ жерінде ғана өседі. Осыдан болар, Қазақстанның «Қызғалдақтың Отаны» аталуы. Расында, қызғалдақты өзгелерге насихаттап, Қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық құқығымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіріп, қорғауға тиіспіз. Себебі, жерімізде өсетін қызғалдақтың 18 түрі «Қызыл кітапқа» еніпті.
Тіпті, ғалым Анна Иващенко «Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өзге өсім­діктер» кітабында қызғалдақтың Отаны – Қазақстан екенін анық көрсеткен екен. Қызғал­дақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейіннен Голландияға жеткен көрінеді. Қазақ жерінде өскен гүлдің алыс шетелдерде жаңа түрлері өсірілген. Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі болып есептелінетін қызғалдақтың көркіне сүйсініп қана қоймайды, шипалы қасиеті бар екенін де білген. Отыздан астам түрі өсетін дала гүлін зерттеу жұмыстары ХVІІІ ғасырдың соңында басталған. Ал, қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерттеу көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Зерттеушілердің дерегінше, дала қызғалдақтары еліміздің барлық облыстары мен аудандарында өседі. Республиканың батыс және солтүстік облыстарында гүлдің үш-төрт, Шығыс Қазақстанда алты түрі болса, ал, Оңтүстік Қазақстанда оның отызға жуық түрі таралыпты.
Біз әңгімемізге арқау еткен дала гүліне Елбасы­ өз мақаласында ерекше тоқталды. «Асқақ Ала­таудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ, бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының ұрпағы» деген еді.
Бұл рас. Әлемдік ғалымдардың зерттеулері де осыны дәлелдеді. Демек, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны. Біз үшін бұл – мақтаныш.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
15 қаңтар 2019 ж. 1 808 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930