Қанат Бозымбаев бензин бағасының неліктен арзандағанын түсіндірді
Алматыда бензин бағасы 5 теңгеге арзандаған. Осыған қатысты пікір білдірген энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл құбылысты бензиннің мөлшерден артуымен байланыстырды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Бүгінде оңтүстік астанада АИ 92 маркалы бензиннің 1 литрі 149 теңгеден сатылып, 5 теңгеге арзандаған.
Министр Қанат Бозымбаевтың сөзінше, бензин бағасының бұлай арзандауы қалыпты құбылыс. Себебі бүгінде елімізде жанармай қоры жеткілікті екен. Өз сөзінде энергетика министрі әзірге бензин тапшылығы туындамайтынын айтты.
«Қазақстанда қазір бензиннің профициті бар. Әсіресе осы қаңтар айынан бастап. Осы 150 теңгенің шамасында бола береді», – дейді Бозымбаев.
Яғни жыл басынан бері бензин өндіріс артқан. Соның салдарынан Шымкентте орналасқан мұнай өңдеу зауыты дайын өнім көбейіп, резервуарлар толып кетпес үшін жүктемесін азайтқан екен.
Ал бензин бағасының 5 теңгеге арзандағанына алматылық жүргізушілер қуанып қалды. Олар болашақта бензин 113 теңгеге арзандаса екен дейді.
«Бізге де қалтаға тиімді. Көбіне кептелістер болады, бензин босқа жанып кетеді. 5 теңге болса да бізге рөл ойнайды. Бензинге бір күнде 2 мың теңге жұмсаймыз».
«Келешекте мұнан әрі де бағасы түссе деймін. Болашақта литрінің бағасы 100 теңгеден болса күшті болар еді», – дейді алматылық жүргізушілер.
Stan.kz
Пікір 2