» » Заманауи қалтафон қаншалықты пайдалы?

Заманауи қалтафон қаншалықты пайдалы?

Күннен-күнге технология қарыштап дамып, ақпарат ағыны тулаған қа­зір­гі заманда телефонсыз жүру мүмкін емес, әрине. Телефонның зама­науи нұсқасы саналатын смартфондар бүгінде байланыс құралы ғана емес, түрлі мүмкіндіктердің сандығына айналды. Бірақ, смартфонның пай­дасы­нан көрі адам денсаулығына зия­ны басым екен.
Әлемдік ғалымдар смартфонды мөлшерден тыс пайдаланса ден­саулыққа зиян екенінен хабардар етіп, дабыл қақса да, өкінішке орай бұл электронды құрылғыға жіпсіз байландық. Тіпті, әлемді алақанға сидырған сиқирлы ғаламат қазір мектеп жасындағы балаларды айтпағанда, бесіктегі сәбилерді де өзіне тәуелді етті. Бұлай болмағанда ше, бала үйден көргенін істейді әлбетте.
Кейде ата-аналар 2-3 жастағы балаларын: «Анасынан бәрін біліп туған. Қазір қолына телефонды берсең, үлкендерден артық біледі, құрылғыға қабілеті мықты», – деп мақтаған сөздерді жиі естиміз. Иә, бүгінгінің сәбилері электронды құрылғыларға өте бейім. Смартфон мен планшеттерді көрсе, қолына алғысы кеп тұрады. Қарапайым ойыншық сатып әперсеңіз 1-2 күн, ұзағымен бір жеті ойнауы мүмкін. Бірақ, кейін тағы осы құрылғымен ойнауға көшеді. Бірақ, сол смартфонның шындап келгенде бала руханиятына кері әсерін тигізіп жататыны есімізге кіріп те шықпайды.
Айтпақшы, өткенде аудан басшысымен бірге ауыл-ауылдарды аралап, ел мұқтажын біліп қайттық. Сонда Жаңаталап ауылының тұрғыны Меңлен Қонысбаев есімді ақсақал смартфоннан немерелері көз алмайтынын айтып, телефонның бала денсаулығына қауіпті екенін жеткізді. Ақсақалды алаңдатқан осы мәселеге қатысты біз мамандардың, ата-аналардың пікірін біліп, кеңесіне құлақ түрген едік.
Әсия Бекбергенова, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық аурухананың бас дәрігері:
– Реті келсе, балаға телефон, планшетті ұстатпаған жөн. Интернеттің жақсы жағы көп, бірақ, балаларға тигізер кері әсері де жоқ емес. Әсіресе, жаңа босанған аналар баланың қасында отырғанда телефон ұстаудан аулақ болғаны дұрыс. Бұл жөнінде біздің дәрігерлер ата-аналарға ескертіп келеді. Жалпы, әр нәрсені орнымен пайдалану керек. Әсіресе, жүкті әйелдер бұл құрылғыны барынша пайдаланбауға тырысса екен. Ал, 1-3 жастағы кішкентай балалардың телефон ұстауына мүлдем қарсымын. Өйткені, мұның бала денсаулығына, оның ішінде көзіне, психологиясына кері әсері көп. Баланың физикалық саулығына да зиян. Себебі, смартфонды пайдаланушылар бір орында қимылсыз отырады.
Бұл жеткіншектің дене бітімінің дұрыс өсуіне, қалыптасуына кері әсер етеді. Ғалымдардың зерттеуінше, смартфон жатын бөлмеде болған жағдайда ұйқысының қанбауына, ұйқыға кеш жатуы мен шаршаңқы болуына бірден-бір себеп болады екен. Баланың уақы­тылы ұйықтап, келесі күнге миын тынықтыруы оның өсуіне маңызды екенін білесіз.
Сондықтан, бала денсаулығын ойласақ, ең алдымен зиянды әдеттерден арылайық.
Гүлзат Құрманбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Жаңа теxнологиялар біздің өмірімізді жеңілдеткені, еңбек өнімділігін арттырғандығы шындық. Дегенмен, ата-ана ретінде смартфон сияқты құрылғылардың балаңызға тигізетін кері әсерін білуіңіз керек. Смартфон баланың шығармашылық, оның ішінде креативті ойлауын тежейді. Смартфондағы түрлі ойындар мен бағдарламаларды қолдануға мүмкіндік алған баланың шығар­машылық ойлау процесі тоқтай бастайды. Әсіресе, ойындардың қаупі зор екен. Сонымен бірге, баланың оқуға деген қабілетін тө­мендетеді.
Баланың білімге деген құштарлығының төмендеуіне ойының басқа нәрсеге бөлінуі себеп екенін мұғалімдер де жиі айтып жүр. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, смартфон құрылғыларын көп пайдаланатын баланың математика және физика пәндері үшін қа­жетті дағдының қалыптасуын бұзады. Яғни, смартфонға жақын болған балалардан нақты ғылымға әлсіз жеткіншектер өседі. Қазір оқу­шыларға мектепте смартфон ұстауға тыйым салынды. Өйткені, сабақ оқуға кері әсерін тигізеді. Мұны ең алдымен ата-аналар балаларына жиі ескертіп отырса екен.
Әсель Өмірзақова, №33 орта мектептің психологы: Психологиялық тұрғыда ғаламтор, ұялы телефон, желі байла­ныс­та­рының балаларға әсері өте үлкен. Балалар кішкентайынан дамыту, сергіту ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына ұмтылады. Алғашында ол балаға жай бір жарық беретін не сурет көрсететін зат сияқты қабылданса, кейіннен қызығушылығы сол темірге ғана байланады. Балалар арасындағы депрессия және анфекция себептерінің көп жағдайда интернет пен смартфон секілді құрылғыларды пайдаланудан болады. Смартфондағы ойындарда жиі қорқытып-үркіту орын алады. Бұл оның псиxикасына кері зиянын тигізері сөзсіз.
Смартфонмен жиі ойнайтын балалардың қабілеті нашарлайды, танымдық көз-қарасы төмендейді. Ашушаң болып келеді, тез шаршайды. Ал, ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Балаларды былай қойғанда ересек адамдардың өзі қозғалыс кезінде телефонмен сөйлессе, ұялы телефонның антеннасы мұндай жағдайда жоғары деңгейде радиация шығарады. Бұл дегеніміз адамның дене бөліктерін қыздырып, денсаулығына кері әсер беретін көрінеді. Мұның соңы мидағы қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтыруы ықтимал.
Айтайын дегенім, күндіз-түні ұялы телефонмен жүрудің қажеті жоқ. Керек мәліметіңді көргеннен кейін телефонды көз алдынан ысырып қойған абзал. Керісінше, кітап оқып, серуендеп, уақытынды тиімді өткізіп, айналаңдағы адамдарға көңіл бөлгенің жөн.

Н.ЖАНҰЛЫ.

29 қаңтар 2019 ж. 1 049 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930