Қызылорда облысында тасқын су жинайтын қоймалар салынады
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында тасқын су жинайтын қоймалар салынады.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязовтың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның аясында аймақта 3 миллиард текше метр тасыған суды жинайтын алты су қоймасының құрылысы жүреді.
«Солардың ішінде көлемі ең үлкені – Қараөзек қоймасы. Онда 1,5 миллиард текше метр су жиналады. Одан кейін 6 жүз миллион текше метр суға арналған Күміскеткен су қоймасы. Жылда Үлкен Арал теңізіне үш-төрт миллиард текше метр су қайтарымсыз кетуде. Сол суды Күміскеткен мен Қараөзекке жинауға болады. Нәтижесінде егінді суғаруға, мал мен балық шаруашылығын жандандыруға мүмкіндік туады», – дейді Серік Қожаниязов.
Сонымен қатар, елді мекендерге аяқ су жеткізу үшін арықтар мен каналдарды тазалап, жөндеуге көңіл бөлінуде. Былтыр облыс қазынасынан алты канал – Басықара, Стан, Балғабай, Бесжарма, Бекетай, Балажарма каналдары тазаланыпты.
«Үш насос қондырғы облыс орталығына қарасты Талсуат, Бірқазан ауылдарына, Жаңақорған ауданындағы Кейден ауылына берілген. Нәтижесі жақсы. Елді мекендерге аяқ су жетуі жақсарды. Халық 180 гектар жерге бау-бақша өнімдерін, көкөніс түрлерін еккен. Бұдан бөлек, Арал ауданына қарасты Тұщы-1, Тұщы-2 және Қаракөл деген көлдер бар, соларды суландыруға мүмкіндік туды», – дейді Серік Қожаниязов.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, өңірдегі иесі жоқ көлдерді облыстық меншікке алу шаралары жалғасып жатқанын жеткізді.