Әбілқасымованың әріптесі: Тағы бір ұлттық экономика вице-министрі тағайындалды
Мәди Тәкиев ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
«Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Мәди Төкешұлы Тәкиев ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды», - делінеді хабарламада.
Еске сала кетсек, бүгін Әсет Ирғалиев ұлттық экономика вице-министрі лауазымынан босатылды. Ол премьер-министрдің өкімімен ҚР премьер-министрінің кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Мәди Тәкиев 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы университетті, сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Түрлі жылдары Алматы қ., Алматы облысы бойынша Салық департаментінде жұмыс істеген.
2012–2013 жылдары — ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің басқарма басшысы. 2013–2014 жылдары — Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2014 жылдан 2017 жыл аралығында Атырау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарды.
2017 жылдан бастап — ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық бақылау департаментінің директоры.
Stan.kz