Денис Тен өлтірілген жерде Рано Омарованың көлік айнасын ұрлап кетті
Әнші әрі актриса Рано Омарова басынан өткен жайсыз жайтпен бөлісті. Ол ұрылардың арбауына түсіп, көлігінің айнасынан айырылғанын жеткізді. Сорақысы сол, оқиға былтырғы жылы Денис Тен өлтірілген жерде орын алған, деп жазады Stan.kz.
"Айна ұрлауды тоқтату үшін тағы не істеу керек, қандай оқиға орын алу керек, білмеймін. Денис Теннің басынан өткен трагедиялық жағдай жақында ғана болды. Қаншама іс атқарылды, тағы да шара қолданылады деп уәде берілді. Бірақ әлі күнге дейін тура сол жерде айналар ұрланып жатыр", - деп бастады сөзін ашуланған Рано.
Актрисаның айтуынша, өткен демалыста Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында оның көлігінің айнасын ұрлықшылар шешіп алған.
"Түбімен, корпусты түгел шешіп алған. Екінші айнаны шешіп үлгермеді, себебі мен 20 минутқа қана кеткенмін. Жалғыз болмағандықтан да, оларды қорқытып жіберген сияқтымын. Ал жалғыз болсам ше? Біреудің айнасын ұрлауды доғармаса, демек қаруланған болуы да мүмкін ғой. Айнаның сымдарын пышақпен кесіп алған. Бұл жерде тек мүлікке емес, біздің өмірімізге де қауіп төнуде", - дейді Рано.
Омарова дер кезінде жеткен полицейлерге алғыс айтты. Алайда:
"Осы жерде камера бар ма, ешкім нақты айта алмады. Дәл сол жерде біреудің мүлкіне қол сұғатын қылмыскерлердің қаптап жүретінін біле тұра, сол жерде камераға қоюға болмай ма?" - дейді Омарова.
Раноның пікірінше, қылмыскерлер табылмайды. Әйткенмен "үмітсіз шайтан" дегенді алға тартты ол.
stan.kz