» » "НӘРЕСТЕ" САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

"НӘРЕСТЕ" САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

Қазір мемлекет тарапынан ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлініп келеді. Жаңа туған нәрестелердің қалыпты өсіп-жетілуіне де арнайы бағдарлама әзірленіп, нәресте салмағы аз немесе ана сүтіне жарымаған болса, оларға табиғи құрғақ сүтті тегін беру мәселесі де шешімін тапқан. Алайда, емхана арқылы балаға тегін берілетін "Нәресте" сүтін сатып, пайда тауып жүрген жандар бар.
Қолымыз қалт еткенде Вконтакте желісін бір шолып шығамыз. Бұл желіде ашылған жарнамалық топтың бірі – "ОЛХ Жалағаш". Онда кіре қалсаңыз, 1 жасқа дейінгі балаларға тегін берілетін "Нәресте" сүтін саудаға салған жарнамадан көз сүрінеді. Бағасы да әртүрлі. Тегін тамақты аясын ба, әркім өзіне қолайлы бағаны жазып, желі арқылы жұртшылыққа сатып жүр. Алайда, судың да сұрауы бар емес пе? Мұндай келеңсіздіктерді бала денсаулығына жауапты дәрігерлердің өздері білсе де, тек ескертумен ғана шектелуде.
Бұл мәселеге қатысты амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық аурухананың бас дәрігері Әсия Бекбергенова өз пікірін білдірген еді. Бас дәрігердің сөзінше, мемлекет қар­жысына алынған тегін сүт балаларға тек арнайы тәртіппен беріледі екен. Сондай-ақ, ол баланың қажеттілігіне берілген сүтті сатып жүрген жандардың әрекетіне қынжылатынын жет­кізіп, мұндай мәселелер бұрын да орын алғанын айтты.
Дәрігерлердің сөзінше, туғаннан кейін нәресте ана сүтімен қоректенеді. Ал, бала сүтке жарымаса, арнайы тексеруден өтіп, қажеттілігіне байланысты 1 жасқа дейін арнайы құрғақ сүтпен тегін қамтамасыз етіледі. Оның да өзіндік беру тәртібі бар екен. Алдымен, емхана дәрігерлері баланы 3 күн тексереді, салмағын өлшейді және қажетті құжаттарды жинақтайды. Егер, баланың салмағы аз, ана сүті жеткіліксіз болса немесе анасы студент болған жағдайда ата-ана емханадан берілетін "Нәресте" сүтіне тегін қол жеткізеді.
Бала саулығына және қалыпты өсіп-жетілуіне берілетін мұндай тағамды саудаға шығарған жандар бір қорап сүттің бағасын 500-1000 теңге аралығында сатып келеді. Тұтыну­шы­лары да жоқ емес. Бұлар сияқты тегін сүтке қолы жетпеген аналар желі ақтарып, арзан сүт іздей бастайды.
– Жаңа туған нәрестелер дәрігерлердің бақылауында болады. Ал, емхана арқылы тегін берілетін сүтті сатып жатқанын немесе балаға беріп отырғаның күнделікті сұрап отыра алмайсың. Кейбір аналар "Нәресте" арзан сүт, балама жақпайды, маған басқа сүт керек" дейді. Ол кезде баланың анасына түсіндіреміз. Негізі, тендер арқылы не әкеліп береді, біз соны береміз. Мен, бір-екі дүкеннен осы сүтті көріп, "Мынаның "тегін" деген мөрі тұр, қайдан алдыңыз? Сізге мұны кім әкеліп берді?" деп сұрадым да мұны сатуға болмайтынын ескерттім. Оны әрі қарай зерттейтін құзырлы органның қызметкері емеспін ғой. Бірақ, естідім «ОЛХ»-те де сатылып жатқанын. Әрине, бұл дұрыс емес, – дейді емхана дәрігері Гүлнұр Аманбаева.
Иә, дәрігерлер құзырлы органның қызметкерлері емес. Алайда, балаға берілген тамақтың мақсатты пайдалануына бақылау жасайтын бір ақ халатты жанның болмағаны қалай? Біз бұл мақаламен біреуді қаралаудан не болмаса, біреуге кінә тағудан аулақпыз. Дегенмен, жазылған жай жалағаштық жұртқа таныс деп ойлаймын. Сондықтан, "Нәрестенің" саудасын қыздырмай, оны өз мақсатында пайдаланған дұрыс. Біздің айтқымыз келгені де, мақаланың түйіне де – осы.

Н.ЖАНҰЛЫ.
09 сәуір 2019 ж. 2 075 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 718

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031