» » Көкке самғар жол

Көкке самғар жол

Адамзат баласының ұзын-сонар тарихындағы ең табысты жетістіктерінің бірі ретінде ғарыш әлемін игеруді атап өтуге болады. Бұл тарихи оқиға басқа емес, дәл осы Қазақ елінен, Сыр жерінен бас­тау алған.
Жер кіндігі саналатын Байқоңыр – Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Оның іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық нысандар үшін қолайлы қону аймақтарының болуы сынды басқа да жер жағдайлары ескерілген. Бай­қо­ңыр­дың басты және көмекші объек­тілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан. Олар бір-бірімен автомобиль жол­дары және теміржол аркылы бай­ланысқан.
Байқоңырдың ұшу трасса­сы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. 1957 жылдың 4 қазанында Бай­қо­ңырдан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін орбитаға шығарды.
Бұл жерден 1961 жылы адамзат тарихындағы тұңғыш косманавт Юрий Гагарин аспан әлеміне көтерілген. Еліміз тәуелсіздік алар тұста 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ-13» кемесімен Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге де ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаңның пайда болу үдерісі, сол зиянды аэро­зольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына тара­луының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті.
Тоқтар ағамыздан кейін Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов аспан әлемін бағындырды.
Ғарышқа жол салған Байқоңырдың бүгінде екінші тынысы ашылды деуге де болады. Қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Айлақтан «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі мемлекет зеңгір көкке жол салынған қаланы дамытудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

12 сәуір 2019 ж. 845 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930