Қазақстандық фабрикалар тігетін бір мектеп формасының бағасы 40 мың теңгеге дейін барады
Отандық мектеп формасының бағасы 40 мың теңгеге дейін барады. Бұл алып-қашпа әңгіме емес, кәсіпкерлердің өздері айтып отыр.
Арнайы көрме өткізген кәсіпорындар саладағы кейбір мәселелерді де көтерді. Мектеп үлгісіне қажетті шикізаттың бәрін сырттан тасып, шығынданып жүр екен, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Сапасыз киімдерден әбден мезі болған ата-аналардың базынасын ескерді ме, жаңа оқу жылына билік биыл ерте қамданды. Мектеп формаларын тігетін кәсіпорындардың басын қосып, көрме ұйымдастырды астанада.
“Біз ата-аналарға да, мектептерге де шектеу қоймаймыз. Осы уақытқа дейін елімізде 16-17 тауар өндіруші болса, былтыр 25-ке жетті. Ата-аналар мұндайды көрмесе олар жаңа оқу жылы басталғанда қытайлықты амал жоқ алып жатады. Сондықтан ата-аналар көріп, танысып, бұлардың мекен жайларын сайтқа да саламыз”, - деді қалалық білім басқармасының бас мамын Мәдина Сүлейменова.
“Көп мектептерде ескі үлгідегі форма киіп жатады. Көйлек сыртынан гипюр жасайды. Ол стандартта жоқ”, - дейді кәсіпорын өкілі Бауыржан Төлеген.
Бірыңғай форма деген жақсы болды қазір. Ата-аналарға емес, бизнесмендерге. Мектептерден тапсырыс көбейіп, ақшаның астында қалады.
“Дәл осы мектеп формасын тігіп жүргенімізге 10 жылдай болды. Қазір 300 мектептей киіндірдік. 50 мыңдай оқушыны формамен қамтып отырмыз”, - деді кәсіпорын өкілі.
Мектеп формасының науқаны жаңа оқу жылының қарсаңында қыза түседі негізі. Сабылып, шабылып қалады ел-жұрт. Бірақ ата-аналар жыл бойы іздейді форманы. Әсіресе, ақ көйлек тозып қала береді екен.
“Мектеп формасын бір-ақ рет алмаймыз. Себебі оқу жылының ішінде балалардың бойы өсіп кетеді. Шалбарлары қысқарып қалады. Ақ көйлектерді тозып қалады. Мүмкіндігінше, сапалы киім алуға тырысамыз”, - деді қала тұрғыны Марал.
Отандық тауар өндірушілердегі мектеп формасының орташа бағасы 8 мыңнан 40 мың теңгенің аралығында. Материалына байланысты дейді. Матаны негізінен Ресей мен Түркиядан тасиды екен.
stan.kz