Қазақстанда шетелдіктер елден қандай жағдайда шығарылады? ІІМ жауап берді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында тіркелмеген шетелдіктерді елден шығарып жіберу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев ІІМ өкіліне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 2-бөлігіне қатысты сауалын қойды.
"Осы баптың бірінші бөлімінде көзделген мерзімдерден астам уақыт ішкі істер органдарында тіркеуден өтпей, заңнаманы бұзған адамдарға енді 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе ҚР аумағынан шығарылу жазасы көзделген. Аталған баптың бірінші бөлігінде өз айыппұлы бар мерзімдердің сараланған түрде өсіп отыруы белгіленген. Бірақ бұзушылық нақты қандай мерзімнен асқанда туындайтыны түсініксіз. 517-бабының 2-бөлігін түсіндіріп өтсеңіз және іс жүзінде пайдалану кезінде қарама-қайшылық болмай ма?" - деп сұрады ол.
Сұраққа жауап берген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев елімізде туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Біз белгілі бір шетелдіктердің келуін күтіп отырмыз. Қазіргі заңнама бойынша азамат елден шығар кезде, мысалы белгіленген мерзімнен артық уақытта тіркелмесе, ол елден шығады. 517-баптың 2-бөліміне сәйкес міндетті санкция 15 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе елден шығаруды көздейді. Елден шығарып жіберу – сотпен тағайындалатын жаза, яғни ол азамат шекараға келгенде біздің елімізден шығып кете алмайды. ІІМ, ҰҚК секілді құзыретті органдар материалдарды жинап, сотқа тапсырады", - деп айтты Қожаев.
Министрдің бірінші орынбасары шетелдік осы мәселеле сотпен шешілгенге дейін елімізде қалатынын, ал бұл жағдай елімізге туристерді тартудың мотиві бола алмайтынын айты.
"Сол себепті осы жағдайды өзгертуді ұсынамыз. Бірінші жағдайда – үш күнге дейін ескерту, бес күнге дейін – 5 АЕК айыппұл салу, 10 күнге дейін 10 АЕК айыппұл салу", - деді ол.
Stan.kz