Қызылордадағы "қасиетті егіздер ауылы" туралы не білеміз?
Қызылорда "қасиетті егіздер ауылы" деп аталатын ерекше өңір бар. Мұндағы келіндер егіздер бен үшемдерді туудан алдына жан салмайды екен. Тіпті көрші ауданның арулары Түктібаев жеріне арнайы келіп, түрлі жоралғылар жасайтын болған дейді тұрғындар. Ерекше елді мекен туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қазалы ауданы Үрмаш Түктібаев ауылында 23 егіз тұрады. Сыңарларымен қосқанда - 46. Олардың алды бүгін 50-ге толса, кішкентайлары 4 жаста.
Қазалыдағы Түктібаев ауылы үшін егіздер таңсық дүние емес. Тіпті, бір отбасында екі реттен егіздердің туған кездері де аз болмапты.
Бір қызығы, ерекше ауылда туған егіздердің дені қос зиготалы екен. Яғни, сыңардың бірі қыз, екіншісі ұл бала. Мәселен, Ғалымжан мен Аружан екі тұқымды егіздер.
Ал мектепте көп жылдан бері сабақ беріп жатқан Күлайым ұстаз болса, мұндай жандардың көп болғаны сонша, тіпті мән бермейтін болдық дейді.
"Егіздер көп кездеседі. Бұл балалардың өзіне тән ерекшелігі бар егіз болса да. Бірі сабақты тамаша оқыса, екіншінің саябырлайтын жерлері болады. Сосын көбіне бір-біріне көмектесіп отырады. Өте бауырмал болады. Бірге келеді, бірге қайтады. Бір-бірінің сөзін сөйлеп, жақтап жатады", - дейді Күлайым Келмағанбетова.
Ауылдағы орта мектепте 400-ге жуық оқушы білім алады екен. Соның 10 жұбы, яғни 20 бала егіздер. Әрқайсының өзіне тән ерекшелігі бар. Бір сыңары ғылым-білімге жақын бола, екіншісі туғанынан өнерлі. Араларында әнші, күйші, биші, суретші де жоқ емес.
Түктібаев ауылында егіздердің көп дүниеге келуі 2 000 жылдарға қарай артқан екен. Ал осыдан 3 жыл бұрын алғашқы үшемдер де дүние есігін ашқан.
Содан болса керек, көрші ауылдың келіншектері бұл маңға арнайы келіп, түрлі жоралғылар жасайтын болған.
kaz.nur.kz