Алдағы он жылда әлемде 370 млн адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады
Алдағы он жылда әлемде 370 млн адам мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Себебі жаңа технологияларды енгізу кейбір мамандықтарға сұранысты азайтып, жаңасының пайда болуына ықпал етуде.
Бұл туралы елордада басталған он екінші экономикалық форумда айтылды. Оған биыл әлемнің 74 елінен келген 5 мыңнан астам делегат қатысуда. Оның ішінде 20-ға жуық Нобель сыйлығының лауреаттары да бар. Ауқымды түрде өткізіліп жатқан шарада қандай мәселелер талқыланды? Жалпы ел бюджетінен миллиардттаған қаржы бөлінген форумнан қандай пайдасы бар? Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Жіті сақталған қауіпсіздік. Шырттай киінген делегаттар. Олардың арасындағы қызу пікірталас. Дәл осы көрініс биыл 12-рет қайталанып отыр. Экономикалық форумға сол жағалаудағы Экспо қалашығында ақ мәрмәрдай ғимарат бөлінген. Жиынға сан тараптан саясаткерлер, кәсіпкерлер мен ғалымдар, бас-аяғы 5,5 мың адам келіпті. Әуелі суретке түсу рәсімі өтіп, іс-шара басталып кетті. Алғаш сөзді алған елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адами капиталдың маңызы жөнінде әңгімеледі.
“Технологиялардың қолжетімді болуынан қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған байланысты 2030 жылға қарай, әлем бойынша 370 млн адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды”, - деді елбасы.
Ал халықаралық валюта қорының директоры-басқарушысы Кристин Лагард жиналғандарды таңғалдырып, өз сөзін ұлы ақынымыз Абайдың "Ақырын жүріп анық бас" деген даналығымен бастады.
“Экономикалық даму бағытында біртіндеп қарқын алу керек. Бұл ретте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының "Ақырын жүріп, анық бас" деп жазып кеткен өлең жолдары ойға оралады. Яғни әрбір қадамды сенімді түрде жасауымыз керек. Өкінішке қарай, әлемдік өсімге қараған кезде, адамдардың көбісінің әрекеттерінде даму қарқыны байқалмайды. Олар сол баяғы баяу сарында жылжып келеді”, - деді халықаралық валюта директоры-басқарушысы Кристин Лагард.
ХІІ Астана экономикалық форумынан соң 50-ден астам жобаға инвестиция тартылуы мүмкін. Осының арқасында елімізге 3 миллиард теңгеден астам пайда түспек. Отандық экономикалық зерттеулер институтының мамандары осындай болжам жасапты. Ал Армения президенті Нұр-Сұлтан қаласын Еуразияның астанасына айналғанын айтты.
“Осы жерге алғаш келгенім есімде. Кішкентай ғана қала болатын. Бұл ұлан-ғайыр орын еді, қала жоқ-тын. Небәрі 20 жылдың ішінде Қазақстан астанасының қалай түрленгенін қараңыздаршы. Бүгін міне, Нұр-Сұлтан деген тамаша қаламыз. Оны Еуразияның астанасы деп айтуға толық негіз бар”, - дейді Армен Саркисян.
Жалпы елордада жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық диспут алаңында осыған дейін 150 елден 50 000-ға жуық делегат болыпты. 10 жыл ішінде 20 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған.
Форум өтіп жатқан зәулім ғимараттағы залдарға әлемдік қалалардың атауы берілген. Былай жүрсек, Мәскеу одан әрі Лондон, Нью йорк деп кете береді. Ұйымдастырушылар "мұны көрген шетелдік меймандар өздерін еркін сезінеді" дейді. Жалпы, он екінші Астана экономикалық форумын өткізу үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Форумға шетелдік журналистер де қызығушылық тудырған. Жиынға 30 елден 700-ден астам ақпарат құралдары өкілдері қатысуда. Өзекті тақырыптар мен өткір ойлар айтылып жатқан жиын ертең де жалғаспақ. Әрине экономикалық форумда көтерілген мәселелер бір күнде шешілмейді. Оны басқосуға қатысушылар да мойындады. Өйткені қазір супердержавалар арасында көзге көрінбейтін сауда-саттық соғыстары бар. Бұл түйіткілдер келелі кеңес арқылы байыппен шешуді қажет етеді.