Шымкенттік кәсіпкер Рамазан айында 8 млн теңгесін зекет беруге жұмсаған
Шымкент кәсіпкер Рамазан айында 8 млн теңгесін зекет беруге жұмсап, оның 3 млн-ын көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік алып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Кәсіпкер Саухан Жүсіпбеков үшін қасиетті айда қайырымдылық жасау жыл сайын дәстүрге айналған игі шара. Қалталы азамат биыл да оны жалғастырып, 300 отбасыға азық-түлік пен тұрмыстық заттар, сонымен қатар қаржылай көмек көрсетті.
Рамазан айы ішінде Шымкент қаласындағы бес, ал Түркістан қаласындағы екі мешітте қайырымдылық акциясын өткізген азамат бұл әрекетін парызым деп атап өтті. Дәл бүгін Шымкенттегі "Айтбай ата" мешітінде 60 отбасыға азық-түлік пен кілем таратылды.
"Мешітте қайырымды жандардың біз секілді көмекке мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде көмек беріп тұратынын еститінмін. Содан мешітке келіп, осындағы имамдарға жағдайымды айттым. Олар бірден жақсы қабылдап, "келіңіз, тізімге қосамыз" деп жылы шырай танытты. Біз секілді отбасылар үшін үлкен көмек қой бұл. Азық-түлік үлестіріп берген кәсіпкер азаматқа отбасымның атынан алғыс айтамын. Алладан қайтсын", - деді жеті баланың анасы Насипа Ілесова.
Қайырымда жанның сөзінше, ол тек Рамазан айында ғана емес, жыл он екі ай шамасы келгенше көмек беріп отыратын жандар бар екен.
"Шариғат бойынша жағдайың болса, зекет беру – парызың деп көрсетілген. Мен ойлаймын осы айда өз парызымды орындадым деп. Тек Рамазан емес, жыл он екі ай тұрақты түрде қамқорлығыма алып, шамам келгенше көмек беріп отыратын отбасылар бар. Оның бәрін тізіп шыққаным дұрыс емес шығар. Биылғы шараның ерекшелігі - жылда 200 отбасыға көмек берілетін, биыл 300 отбасы болды", - деді Саухан Жүсіпбеков.
Олардың қатарында мешіттерде тіркелген тұрмысы төмен отбасылар емес, қоластында еңбек ететін жандар да бар.