Шамалғандағы жантүршігерлік апат: Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр
Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде Ақсеңгір-Шамалған өткелінде болған ауыр жол апатынан кейін арнайы комиссия оқиға орнына аттанған. Қазіргі таңда олар сол жерде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шамалғандағы пойыз бен жолаушылар автобусының қатысуымен болған жол апатынан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЖКО-ны тергеу үшін арнайы комиссия құрды.
Аталған комиссияның құрамына көлік комитетінің мамандары мен «ҚТЖ» өкілдері кірді.
Еске сала кетсек, ірі апат Алматы облысының Шамалған станциясында орын алды. ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму министрі Руслан Иманқұловтың айтуынша, төтенше жағдай 15 қыркүйекте, "Екатеринбург-Алматы" теміржолының 2449 шақырымында орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.