Ақтөбеде дәрігерлер жүкті деп қате диагноз қойған келіншек екі апта ессіз жатып көз жұмды
Екі апта бойы ес-түссіз жатқан ақтөбелік келіншек ауруханада көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр.
Келіншектің жүрегі айнып, басы ауырғанын жүктіліктен деп, дұрыс диагноз қоя алмағаны былай тұрсын, тағайындалған ем-домы да дұрыс емес, дейді. Сонда кінә кімнен: дәрігерлер біліксіз бе,әлде науқас ауруын асқындырып алған ба? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.Қайғыдан қара жамылып отырған Татьяна Пилич ауруханаға өз аяғымен кеткен сап—сау сіңлісінен айрылып қалғанына әлі сене алар емес. Қайта-қайта лоқсып, басының сақинасы ұстағанын айтқанымызда дәрігерлер ол жүктіліктің белгілері, алаңдамаңыздар, әлі-ақ шауып кетеді деп жұбатқанын айтады. Гинекология жағынан барлық ем-дом жасалғанымен, Иннаның бас ауруы күшейіп, мазасы қашып, жанын қоярға жер таппайды. Үш күннен кейін келіншекке аборт жасауға мәжбүр болған.
«Дәрігерлерге басы ауырғаны қоймайды, неге мән бермейсіздер деумен болдық. Бірақ, біздің сөзімізге ешкім құлақ аспады. Жүктіліктің белгілері ғой деп қайталаумен болды. 13-желтоқсан күні үйге алып кетіңдер деді. Сіңілім өз аяғымен жүрмек түгілі, тілі күрмеліп, сөйлейтін де халде емес еді. Біз оның менингитпен ауырғанын 18 желтоқсан күні, комаға түскенде білдік. Бірақ, дәрігерлер басқа нәрсе айтты. Тек 28-желтоқсан күні ғана менингит болу мүмкін деді» – дейді марқұмның әпкесі Татьяна Пилич.
Қазір Татьяна жергілікті дәрігерлерге сеніп, уақытты созып алғанына өзін кінәлайды. Тіпті, томографияға түсіргеннен кейін де көрші Орынборға апаруға оқталған. Бірақ, өмір мен өлімнің арасында жатқан сіңлісін қозғағысы келмепті. Ал 6-қаңтар күні Инна Пилич есін жимаған күйі қайтыс болады.
“Дәрігерлер дер кезінде қимылдап, дұрыс ем жасағанда, менің сіңлімнің өмірін сақтап қалуға болар еді! Бірақ олар салғырттық танытты!” – дейді марқұмның әпкесі Татьяна Пилич.
Инна Пиличтің өліміне қатысты дәрігерлердің өз айтары бар. Тиісті емнің барлығы жасалды деп отыр. Келіншектің қазасына созылмалы ауруының асқынып, соңы өлімге соқтыруы сеп болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Алайда, нақты себебі тексеріс жұмыстары аяқталған соң белгілі болады. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр екен.
«Гистология нәтижесін әлі алған жоқпыз, сондықтан себебі не болғанын қазір анық айта алмаймыз. Бірақ та бір өзінің мүмкін бұрыннан келе жатқан науұқас ауруы болған деп біздер ойлаймыз. Себебі, енді әрбір жағдай кезінде мүмкін, сол болған шығар, но бірақ та өршу сатысында түсті бізге» – дейді облыстық аурухананың сапа және менеджмент қызметінің басшысы Зәмза Хайруллина.
Инни Пиличтің туыстары істің мән-жайын анықтау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына, прокуратураға шағымданған. Кінәлілер жазасын алғанын талап етіп отыр. Ал марқұмның артында 4 жасар қызы мен 3-тегі ұлы қалған. Олар әкесінің қамқорлығында.
Stan.kz