Досаев президентке халықтың несие қарызын қайтару жұмыстары туралы баяндады
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев несиесін төлей алмай жүрген тұрғындардың несиесін мемлекет тарапынан өтеу жұмыстары қашан аяқталатынын мәлімдеді.
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтан елімізде жүріп жатқан несиені өтеу акциясының орындалу барысын сұрады.«Төлемге жарамсыз (несиесін – авт.) тұрғындардың қарыздық борыштамасын төмендетуге байланысты тапсырмамның орындалу барысы қалай болып жатыр?» - деп сұрады президент Ұлттық банк төрағасынан.
Ұлттық банк төрағасы 1 тамызға дейін өсімақы мен айыппұл мәселесі толық шешілетінін айтты.
«Біз Үкіметпен келісе отырып, 2 блокқа бөлдік. Бірінші блок, біздің бірлескен қолдауымызға кіретін тұрғындар тобы бойынша жұмыс осы аптада аяқталады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп деректер базасымен сәйкестігін тексеріледі. Келесі аптадан бастап шілденің соңына дейін екінші деңгейлі банктер мен Көлемді несиелер қорының микрокредиттік ұйымдары алдын ала шарттарына қол қойылады. 1 қыркүйекке дейін тиісті төлемдер екінші деңгейлі банктерге жүргізіледі. Содан кейін Мемлекеттік несие бюросы қолдау тізіміне кірген барлық азаматтың қарыз қаражатын немесе 300 мың теңгеге дейінгі қарызын өтейді. Ал өсімақы мен айыппұл мәселесіндегі жұмыстарды 1 тамызға дейін аяқтаймыз. Жұмыс дайын болады», - деді Досаев.
Мемлекет басшысы бұл акцияның бір рет қана жүргізілетінін атап өтті.
«Бұл жұмысты Үкімет, Әкімшілік (Президент әкімшілігі – авт.) тарапынан үнемі бақылауда ұстау керек. Бұл акция туралы хабарладық. Қайталап өтемін, бұл акция – бір реттік. Кейін мұндай шараны жүргізе алмаймыз, құқымыз жоқ. Бірақ халыққа айтқанымызды уақтылы әрі сапалы орындауымыз керек», - деді президент.
Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ
Фото: Артём Чурсинов
https://baq.kz