» » Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі

Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі

Ақорда резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс форматында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалып­тасқанын және оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындағанын атап өтті. Сондай-ақ ол өз Жол­дауын­да ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне ай­рық­ша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды ба­ғытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы этникалық факторлар, ұлтаралық қатынастар, әсіресе дағдарыс кезінде түрлі қақтығыстардың ошағы болуы мүмкін екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанын айтады. Президенттің сөзінше, оның деструктивтік әлеуеті ақпараттық және гибридтік соғыстардың, жиі жасалатын популистік мәлімдемелердің, алып-сатарлық пен ашық аран­датушылықтың қазіргі дәуірінде айтарлықтай күшейе түскен.

Президент этносаралық келісім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді. Сондай-ақ ол елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор деп санайды. Елімізде бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылданған. Осы мақсатта арнайы құрылымдар да жасақталды. Бұл ретте Мемлекет басшысы этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқаратынын жеткізіп, әлеуметтік саладағы саясаттың орны бөлек екенін атап өтті. Оның сөзінше, этносаясатқа құзыр­лы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет деп есептейді. “Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Тұрақты дамудың және өсіп-өркендеудің бірден-бір жолы – осы” деді Мемлекет басшысы.

Бұған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев мем­ле­кеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сына бірқатар басым міндет жүктеді. Президент ең алдымен, мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген ай­мақтық дамуды қам­тамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Соның ішінде этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этнос­аралық қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қа­тысты қатерлерге тоқталды.

Президент ҚХА қызметін одан әрі дамыту мәсе­лесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев рес­публикалық Аналар кеңесін құрудың маңызды екенін атап өтті. Аталған Кеңес еліміздің бірлігі мен та­тулығының өзегі саналатын құндылықтарды жас­тар­дың бойына дарытуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблея жанындағы респуб­ликалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүм­кіндігін қарастыруды ұсынып, жастармен жұмыс жүр­гізудің маңызды екенін айтты. Бұл ретте, ҚХА жастарының орман алқаптарында 2 миллиард ағаш егуге және елді мекендерде 15 миллион көшет отырғызуға бел­сенді қатысатынына сенім білдірді. Президент жас­тар саясатының өзектілігіне мән бере отырып, Ассам­блеяның кезекті сессиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынды.

Ел Президенті балалар мен жастарды зиянды ақпараттан қорғауға мемлекет қана емес, қоғам да жауапты деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған бұқа­ралық спортты дамыту көмектеседі.

Президент TikTok пен Instagram-дағы жобаларды қолдады. Оның айтуынша, балалар бос уақыты көп болғандықтан қажетсіз нәрселерге алаңдайды, ал ата-ана мен мұғалімдер оларды әрдайым қада­ға­лай алмайды. Ол елімізде жаппай балалар спортын дамытуға, сондай-ақ балалар театрларын ашуға шақырды.

– Балалар арасында таланттар көп. Жезқазғанда балалардың домбырада ойнағанын көрдім, оларға қолдау көрсету керек. Сіздің "Біздің өлке тарихы" TikTok жобасына қатысты ұсынысыңызды қолдаймын. Бұл – жақсы жоба. Қазір жастар негізінен TikTok және Instagram-да отырады, бұл – өмір шындығы. Осы шындыққа сәйкес, балаларымыздың көңіл-күйіне, мәдениетіне және тәрбиесіне оң әсер етейік. Бос уақыты көп балалардың қажетсіз нәрселерге көңіл бөлетінін байқаймыз. Ата-аналар әрқашан ба­ла­лардың мектептен тыс мінез-құлқын қадағалай ал­майды. Мұғалімдердің де мұндай мүмкіндігі жоқ. Осылай балалардан айырыламыз. Сондықтан бұқа­ралық балалар спортын дамытайық. Облыс бас­шы­ларының, әкімдердің, соның ішінде тиісті өңір­лерде бұқаралық балалар спортын дамыту жөнін­дегі жұмысын бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

TikTok жобасын құру идеясын Ақмола облы­сы­ның поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Нагачевская ұсынды. Оның пікірінше, жоба "интер­нетті қажетті және пайдалы бағытқа бағыттауға" көмек­теседі. Наталья Нагачевская интернеттегі заңсыз контенттер барлық елдер үшін өте өзекті болып отырғанын айтады. Жағымсыз, жалған ақпараттар жастарымызды жаман жолға жетелейді. Сондықтан ол бұл үрдіске қарсы тұру процесіне тек мемлекет қана қатыспауы тиіс деп санайды. Оның ойынша, мемлекет бұл мәселені шешуде басты рөл атқарады, бірақ бұған бүкіл қоғам қатысуы керек, өйткені мұның ел болашағына тікелей қатысы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық саладағы ғылыми негізделген тәсіл – мемлекеттік саясаттың бастауы болуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл аса күрделі бағытта дилетанттық пен популизмге жол бермеу қажет.
Президент жалпыұлттық бірлік қуатты мем­ле­кеттің кепілі екенін айтты. Оның сөзінше, отан­шылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеудің маңызы зор.

– Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша аза­мат­тарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен елі­міздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен ат­қарасыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

“ЖЖ” ақпарат
25 қазан 2021 ж. 5 426 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930