» » МЕМЛЕКЕТТЕР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

МЕМЛЕКЕТТЕР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Өзбекстанға жұмыс сапары аясында ӨР Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесіп, ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді. Ә.Смайылов Ш.Мирзиеевпен кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас өзара сенімге және түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

– Сіздің өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстанның кең ауқымды ынты­мақтастығын дамытуға үлкен серпін берді. Екі елдің үкіметтері Сіздің және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асы­ру мақсатында белсенді жұмыс істеп жатыр. Біздің одақтастық қатынастарымыздың қуатты әрі орнықты экономикалық платформасын құруға ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Ә.Смайылов.
ҚР Премьер-Министрі өзара ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.

Айта кетейік, Өзбекстан – Қазақстанның Орта­лық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 33 пайызға артып, 4,3 млрд АҚШ долларын құрады. Таяу жылдары аталған көрсеткішті 5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтып, орта мерзімді перспективада 10 млрд долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Өзбекстанда 3 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

ҚР Премьер-Министрі машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және өңдеуші сектордың басқа да са­ла­ларындағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақ­тас­тығының жоғары серпінін атап өтті. Автомобиль жасауда, ауыл шаруашылығы техникасы өнді­рісінде және тоқыма саласында 5 бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Құрылыс индустриясы мен машина жасауда 365 млн долларға жуық қаражатқа 7 жоба пысықталуда.

Елдер арасында сауда-экономикалық ынты­мақтастық жөніндегі Президенттердің арнайы өкіл­дерінің тетігі енгізілді. Екі елдің шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік коо­перация орталығын құру жобасын іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Ә.Смайыловтың Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ариповпен келіссөзі бары­сында сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, құрылыс, ауыл ша­руашылығы, тоқыма, автомобиль жасау, мә­дени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың көптеген мәселелері талқыланды.

Кездесуде Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайына және Қазақстан Рес­публикасының оңтүстіктегі өңірлеріндегі суар­малы жерлерді вегетациялық кезеңде сумен қам­тамасыз етуге ерекше назар аударылды. Сапар қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы са­ласында орта мерзімді перспективаға арналған екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасына қол қойылды.

«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ өзбек тарапындағы әріптесімен Өзбекстан Республикасынан көкөніс өнімдері мен картопты сатып алуға шекті келісім-шарт жасасты. Мұнан бөлек екі елдің іскер топтарының өкілдері машина жасау, АӨК және логистика салаларында жалпы құны 661 млн АҚШ долларын құрайтын бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойды. Ташкент қаласына сапары аясында ҚР Премьер-Министрі өнеркәсіптік, техникалық, электрондық, құрылыс және тұрмыстық өнімдер шығаратын «Технопарк» өндірістік аймағының жұмысымен танысты.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде Әлихан Смайылов алдағы вегетациялық кезеңде Қазақ­станның оңтүстік өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізген еді. Онда Экология, геология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, энергетика министрлері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының басшылығы Арал-Сырдария бассейнінде қа­лыптасқан жағдай туралы баяндады. Биыл судың аз келуіне байланысты Қырғыз Республикасының аумағындағы Тоқтоғұл су қоймасына жиналған судың көлемі өткен жылғы деңгейге жетпейді. Сондықтан Қырғызстанның өзінің су-энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс екенін ескере отырып, Қазақстан аумағына жіберілетін су көлемінің төмендеу қаупі бары айтылған еді.

Ж.ЖАЗКЕН



15 ақпан 2022 ж. 2 762 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031