«100 жаңа оқулық» елімізде аударма мектебінің жандануына оң әсерін тигізеді – Әшімбаев
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы арқылы әлемнің ең үздік оқу орындары пайдаланатын оқулықтарды енді қазақ жастары ана тілінде оқи алады және еліміздегі аударма саласы жанданады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Жастарымыздың сапалы білім алуына тағы бір маңызды қадам жасалды. Енді әлеуметтік және гуманитарлық салада әлемдік шедевр саналатын әрі дүниежүзінің ең үздік оқу орындарында оқытылатын оқулықтарды қазақ жастарының өз ана тілімізде танып, білуіне даңғыл жол ашылды, - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.Ол оқырманға жол тартқан 18 оқулықтың Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында басылып отырғанын атап өтеді.
«Оқулықтардың мазмұнына көз жүгіртсеңіз, ешбір әсірелеусіз, олардың бүгінгі біздің қоғам үшін ауадай қажет екенін оңай аңғарасыз. Мәселен Гарвард университетінің профессоры, экономист Николас Грегори Мэнкью мен Вашингтон университеті бизнес мектебінің деканы Марк Тейлор жазған «Экономикс» оқулығында қаржы дағдарысы мен оның себептері, дағдарыстан кейінгі әлем және жаңа теориялардың пайда болуына қатысты тың деректер келтірілген. Экономика қай кезде де бүкіл әлемнің ең басты мәселесі екенін ескерсек, бұл оқулықтың қаншалықты маңызды екенін өзіңіз пайымдай беріңіз. «Экономикстің» атақты Оксфорд, Кембридж университеттерінде оқытылуының өзі-ақ көп жайттан хабар береді», - деді Әшімбаев.Ол жоспарлау, жүргізу, ұйымдастыру және бақылау ісінің қыр-сырын түсіндіретін «Менеджмент» оқулығын Гарвард бастаған әлемнің маңдайалды алты бірдей университетінің студенттері оқитынын айтты.
«Давос Бүкіләлемдік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, әлемге әйгілі экономист, профессор Клаус Швабтың қаламынан туған «Төртінші индустриялық революция» кітабының да қазақ тіліне аударылуы отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Жобаның тағы бір игілігі ретінде тіліміздің дамуына қажетті ғылыми мазмұн мен лексиканың одан әрі жетіле түсуін айтуға болады. Отандық оқу орындарының әлемдік биікке көтерілуіне, олардың халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне де мол мүмкіндік туды. Одан бөлек, бұл бастама елімізде аударма мектебінің жандануына да оң әсерін тигізбек», - деді ол.Оның айтуынша оқулықтардың 40%-ке жуығы осыған дейін орыс тіліне аударылғанына қарамастан барлығы түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылған.
«Әзірге тек жобаның бірінші кезеңі ғана аяқталды десек, осы аралықта ауқымды жұмыстар атқарылғанын аңғару қиын емес. Қазақ тіліне аударылатын оқулықтарды іріктеуден бастап оның дизайнына дейін жүйелі әрі тыңғылықты жұмыс жүргізілгені анық байқалады. Аударма ісіне кәсіби білікті мамандар жұмылдырылған», - деді Әшімбаев.Назерке Абибулла