Полицейлер Ақорда алдындағы алаңды не себепті қоршауға алды?
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тәртіп сақшыларының президент резиденциясы Ақорданың алдындағы алаңды не себепті қоршауға алғаны жөнінде пікір білдірді. Министрлік басшысы бұл оқиғаның кешегі көпбалалы аналардың митингісімен қандай байланысы бар екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазіргі уақытта үкімет ғимаратының аумағы да қоршауға алынғаны белгілі болды.
"Кешегі митингтен кейін емес. Қазір "Құқық тәртібі" операциясы іске асып жатыр. Сол себепті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы шаралар қолданылған. Ешкімнен қорғанып жатқан жоқпыз. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары" , - деді министр.
Оның сөзінше, ЖПШ Нұр-Сұлтанда ғана емес, еліміздің басқа қалаларында да жүріп жатыр.
"Құқық тәртібі" операциясы алтыншы маусымға дейін өтпек. Сосын, барлық полиция қызметі жетісінен 12 маусымға дейін күшейтілген режимге ауыспақ. Ол президенттік сайлауды өткізумен байланысты. Тоғызыншы маусым - сайлау күні, қалада патрульдер қызмет етпек. 21 мыңнан аса полицейлер жұмылдырылмақ. Сайлау кезінде үнемі осылай" , - деді Тұрғымбаев.