Месси ресми түрде ПСЖ ойыншысы атанды
Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси Францияның "Пари Сен-Жермен" (ПСЖ) футбол клубына ресми түрде ауысты. Бұл туралы команданың Twitter парақшасында мәлім болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мессимен келісімшарт 2+1 негізінде жасалғаны айтылады. Бұл келісімшартты тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігімен екі жылға жасалғанын білдіреді.
Жаңа ойыншы командаға 11 тамызда баспасөз мәслихатында таныстырылады. Салтанатты шара "Парк де Пренс" жергілікті стадионында өтеді.
Лионель Мессидің өзінің айтқанындай, бұл клуб оның амбициясына сәйкес келеді, өйткені мұнда дарынды ойыншылар мен жаттықтырушылар штабы жиналған.
"Мен мансабымның жаңа тарауын ПСЖ-да бастағаныма қуаныштымын. Ерекше маусым өткізуге өзім іштей дайынмын. Мен алаңға шығу мүмкіндігін асыға күтемін" ,- деді аргентиналық ойыншы.
ПСЖ француз клубының президенті Насер Аль-Хелайфи жаңа жұлдызды ойыншымен толыққан команда бүкіл әлемдегі жанкүйерлер үшін тарихта қалады деген үмітін жасырмады.
"Месси жоғары деңгейдегі жарысты жалғастыруды және жаңа трофейлерді ұтып алуды қалайтынын жасырмады және әрине, біздің клуб ретіндегі мақсатымыз да - дәл осындай" ,- деді ол.
Бұған дейін аргентиналық футболшының Францияға келгені хабарланған болатын. ПСЖ жанкүйерлері Мессиді Париж-Ле-Бурже әуежайының жанында қарсы алған. "Пари Сен-Жермен" Месси үшін арнайы "Парк де Пренс" стадионының кіреберісіне қызыл кілем төсеген.
Аргентиналық футболшы ПСЖ-да 30-шы нөмірмен ойнайды. Дәл осы нөмірде Месси Барселона сапында алғашқы ойынын өткізген еді.
Лионель Месси 2000 жылдан бері "Барселона" сапында өнер көрсетеді, ал негізгі құрам сапында 2003 жылдан бастап ойнайды.
Шабуылшының қоржынында Испания чемпионатында 10, Испания Кубогы мен Суперкубогында 7, Чемпиондар Лигасында 4, Еуропа Суперкубогында және клубтық әлем чемпионатында 3 жеңісі бар.
Өткен аптада "Барселона" еркін агентке айналған Мессимен жаңа келісімшартқа отырмайтынын мәлімдеген. Жексенбіде 34 жастағы аргентиналық арнайы баспасөз мәслихатында Барселонамен қоштасып, әлі ешбір клубпен келісімге келмегенін айтқан еді.
Кейінірек Месси аргентиналық шабуылшыны таныстыру үшін Эйфель мұнарасын жалға алған француздық Пари Сен-Жермен (ПСЖ) футбол клубымен келіссөздер жүргізіп жатыр деген ақпарат тарады.