ЖАСТАР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Сабыр Мұхтаровты еске алуға арналған республикалық турнирде Есет батыр ауылының жастары Нұрсұлтан Хамит пен Дінислам Шайхыислам жеңіс тұғырынан көрінді.
Дүбірлі додада 38 келі салмақта күш сынасқан Жалағаш аудандық №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі Есет батыр ауылдық филиалының тәрбиеленушісі Н.Хамит І орынды жеңіп алса, ал 32 келі салмақта Д.Шайхыислам ІІІ орынға жайғасты.
Аудан намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған жас спортшылар бұған дейін де республикалық, облыстық турнирлерде алғашқы орындарды иеленіп жүр. Жастарды шыңдап, бәсекеге баптаған жаттықтырушылары олардың алар асуы әлі алда екенін айтады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындап берген міндеттер жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, оларды салауатты өмір салтына бейімдеп, жүректі де білекті етіп өсіруге бағытталған. Осы тұрғыда №124 орта мектептің жас жеткіншектерін спортқа баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеп, жастарға жігер берген жаттықтырушы Е.Қасымовтың еселі еңбегіне ауыл жұртшылығы риза.
«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деп бекер айтылмаған. Жас ұрпақтың дені сау, білімді болса, болашағымыз жарқын болмақ! Шәкірттеріміз әлі талай асуларды бағындырады деп үлкен үміт күтеміз.
Сандуғаш БИСЕНБАЕВА,
№124 орта мектептің тәлімгері.