Ең көп табыс тапқан әйел спортшылар
Forbes журналы 2018 жылы ең көп табыс тапқан әйел спортшылардың тізімін жария етті. Осы тізімдегі ең үздік 10 арудың сегізі теннисшілер екен. Сондай-ақ, «ТОП-10» спортшының қатарында бір бадминтоншы мен бір автоспортшы бар.
Биылғы жылғы бай-ауқаттылар тізімінде Серена Уильямс ағарып алда тұр. Ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингте көш бастап, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде 38 мәрте (жекелеген және жұптық сайысты қоса алғанда – ред.) топ жарып, WTA турнирлерінде 72 рет дара шыққан 36 жастағы АҚШ-тың әйгілі теннисшісі биылғы жылдың өзінде 18,1 миллион доллар табыс тауып отыр.
Одан кейінгі бес орынды да осы спорт түрінің өкілдері иемденуде. Олар – даниялық Каролин Возняцки (13 миллион), америкалық Слоан Стивенс (11,2 миллион), испаниялық Гарбинье Мугуруса (11 миллион), ресейлік Мария Шарапова (10,5 миллион) және АҚШ-тың тағы бір өкілі Винус Уильямс (10,2 миллион). Жетінші орында – Пусарла Венката Синдху. Бадминтон спортын серік еткен 23 жастағы Үндістанның сұлуы үстіміздегі жылы 8,5 миллион долларды өз есепшотына аударған. Сезігінші орында – Симона Халеп. Бүгінгі таңда теннисшілердің әлемдік рейтингінде көш бастап тұрған Румынияның мақтанышы 7,7 миллионды әмиянына салды. Тоғызыншы сатыға Даника Патрик жайғасты.
Автоспорт сайыстарында алдына жан салмай жүрген америкалық арудың табысы – 7,5 миллион. Үздік ондықты қорытындылап тұрған – Анжелика Кербер. Германияның теннисшісі биыл 7 миллион долларды қалтаға басты.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
Пікір 2