» » АРЫС ХАЛҚЫ ТУҒАН ҚАЛАСЫНА ОРАЛУДА

АРЫС ХАЛҚЫ ТУҒАН ҚАЛАСЫНА ОРАЛУДА

Кешеден бас­тап Арыс жұрты туған қалаcына оралуда. Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Апат болған күні-ақ еліміздің әр түкпірінде гуманитарлық көмек жинайтын орындар ашылды. Артынша жарылыстан зардап шеккендерге азық-түлік жеткізіле
бастады.
Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмыла білген жұртымыз ұйыссақ ұлт екенімізді, қандай жағдайда да бір мүдде жолында біріге алатын ел екенімізді айғақтады. “Апат айтып келмейді” дейді қазақ. Айдың-күннің аманында шағын қаланың тұрғындары әрі-сәрі болып, әбігерге түсті де қалды. Жарылған снарядтан құтылу үшін ен далада босып кеткен халыққа уақытылы көмек көрсетіліп, уақытша арнайы пункттерге жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елмен бірге екенін көрсетіп, Арыстағы ағайынның ахуалымен танысып қайтты. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те халықтың арасында жүріп, жұртты сабырға шақырды.
Төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып Арыстағы ағайынға көмекке аттанды. Облыстан 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 1,5 тонна сүт, 5 тонна қарақұмық жармасы жөнелтілді.
– Бұл – қызылордалықтардың Арыстағы ағайындары үшін бір түн ішінде жинаған гуманитарлық көмегі. Бірақ жұмыс әлі жалғасуда. Облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылды, ол зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді ұйымдастырумен айналысады, – деді «Nur Otan»» партия­сы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың 2000-нан астам мемлекеттік қызметшісі жарылыстан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударуға ниет білдірді. Бұдан бөлек, облыстың әрбір ауданынан арнайы көмек ұйымдастырылуда. Жалағашта да жастар белсенділік танытып, гуманитарлық көмек көрсету үшін акция ұйымдастырды.
Осы оқиғаға байланысты тоқтатылған 5 пойыздың 1200 жолаушысына да қажетті жәрдем берілді. Оларға ыстық тамақ пен сусын жеткізіліп, 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. Жолаушыларды жеткізу пункттеріне тасымалдау үшін көлік ұйымдастырылды.
Пойыздар бағытының өзгеруіне байланысты Сексеуіл станциясынан Қызылорда, Түркістан облыстарына баратын 500 жолаушыға арнайы 14 вагондық станцияаралық пойыз бен 6 автобус қызмет көрсетті. Шиелі станциясынан Алматы қаласына 82 жолаушыны автобуспен, 22 азаматты Луговой, Тараз және Шымкент қалаларына шағын көліктермен жөнелту ұйымдастырылды. Сонымен қатар Түркістан облысына Шымкент қаласы аралықтағы жолаушыларды тасымалдау үшін 5 үлкен сыйымдылықтағы автобус жіберілді.
Облыс орталығынан теміржол вокзалында полицейлер пойыздағы жолаушыларды қажетті бағыттағы автокөліктерге отырғызып, көмек қолын созды.
Арыстағы жағдай орын алғанда Қазақстанның әрбір тұрғыны демін ішіне тартып “анасын бала, баласын ана жоқтамаса екен” деп тілеумен болды. Ата-анасынан ажырап қалып жатқан балаларды көргенде жүрегі ауырмаған жан жоқ шығар, сірә. Мұндай сәтте жұртымыз ымыра-бірлігін көрсетіп, Арыстағы ағайынға көмек қолын созумен болды. Енді мұндай оқиға қайталанбасын деп тілейік, Құдайдан.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

29 маусым 2019 ж. 776 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930