» » ӘЛ-АУҚАТ АРТСА, ӘЛЕУЕТ ТҮЗЕЛЕДІ

ӘЛ-АУҚАТ АРТСА, ӘЛЕУЕТ ТҮЗЕЛЕДІ


Мемлекеттік бағдарламалардың халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталатыны белгілі. Елдегі жұмыссыздықты азайту мақсатында жасалған «Еңбек» бағдарламасының нәтижесі қалай? Бұл бағдарламаның жұмыссыздықты азайтуға септігі тиді ме?
Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Келелі жиында халықтың жағдайын жақсарту үшін аянбай еңбектену қажеттігі айтылды. Тіпті Президент «Еңбек» және «Серпін» бағдарламаларын іске асыруда қандай мәселелер бар екенін, оның тиімділігін арттыру үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев “Еңбек” бағдарламасының аясын­да 1,5 млн адам жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Министр оны жүзеге асыру қорытындысы бойынша 1 млн жұмыс орны ашылғанын, оның 800 мыңы тұрақты жұмыс орны екенін айтты. “Теңгерімді сақтау мақсатында біз бағдарламаны 2025 жылға дейін әзірледік. Қанша қызметкер кетеді, қаншасы келеді? Шамамен 350 мың жұмыс орнын жыл сайын ашуымыз керек. Осылайша жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан 4,5 пайызға төмендетеміз”, – деді Б.Сапарбаев.
Бұл еліміз бойынша аталған бағдарлама аясында атқарылып отырған жұмыстың бір парасы. Оның аудандағы бағдары қалай? “Еңбек” атына заты сай бағдарлама бола алды ма? Оның аясында қанша азамат жұмысқа орналасты? Бізді қызықтырғаны осы болатын.
Толғандырған тақырыпты тарқа­­ту үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетоваға жолықтық. Оның айтуынша, жыл басынан бері 181 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылса, қоғамдық жұмысқа 469 адам жіберіліпті. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы да жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізуде.
– Бағдарламаның төртінші – “Жастар – ел тірегі” ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыру бағыты бойынша өтініш білдірген жастардың 89-ы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Бағдарламаның екінші бағыты аясында 16-29 жас аралығындағы 8 азамат өз кәсібін ашу бағытында жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Биыл жастар жылын атап өтуге байланысты 70 жасқа мемлекеттік грант беру көзделген. Бұл мақсатқа қосымша қаржы қаралды. Нысаналы топқа жататын жазасын өтеп келгендер мен пробация қызметінің есебінде тұратындар қатарынан 2019 жылдың 1 шілдесіне жұмыс іздеуші ретінде 8 адам тіркелді, оның ішінде 6 адам квота бойынша тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1 адам қоғамдық жұмысқа тартылды, 1 адам 252,5 мың теңге қайтарымсыз грант алып, ағаш шеберханасын ашты, – деді бөлім басшысы.
Жалпы “Еңбек” бағдарла­ма­сының ауқымы өте кең. Жұмыссыздықты бірден жойып жібермесе де мәселені бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама бойынша 2017 жылы 764 адам жұмысқа орналастырылса, өткен жылы 1065 азаматтың екі қолға бір күрек табуына сеп болған.
Әл-ауқат артса, әлеуеттің түзелетіні белгілі. Тек масылдыққа салынып, “үкімет асырайды” деген ойдан аулақ болған жөн. Еңбек еткен адамның көсегесі көгеретінін атам қазақ әлдеқашан айтқан. Ал елдің жағдайын жақсарту, тұрмысын оңалту сынды мәселелерді Пре­зидент те сайлауалды бағдар­ламасында көтерген болатын. Үкімет халықтың жағдайын жақсарту үшін бар мүмкіндікті жасауда. Ендігі кезекте мемлекеттік бағдар­ламаларды тиімді пайдаланып, несібені еселеудің қамына кірісу керек.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

20 шілде 2019 ж. 693 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930