» » Имандылық үйі – ел игілігіне

Имандылық үйі – ел игілігіне

Өткен сенбіде Жалағаш ауданына қарасты М.Шәменов ауылында жаңа мешіт ашылды. Шәменовтер әулетінің қолдауымен бой көтерген еңселі де, сәулетті, зәулім мешіт ғимаратының ашылу рәсіміне аудан жұртшылығы, ардагерлер және алыс-жақыннан арнайы келген құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы, қоғам қайраткерлері Тұрғанбай Маханов, Қаһарман Табынбаев, Қожахмет Баймаханов, Қылышбай Бисенов, Бақберген Досманбетов, Алмагүл Божанова, Райкүл Байназарова, сонымен бірге «Интегрострой» ЖШС директоры Бақдәулет Ысқақов және тағы басқа да ел ағалары қатысты.

"Ақылы бар кісіге иман парыз, иманы бар кісіге ғибадат парыз". Шараның ашылуындағы алғы сөзін Абайдың осы даналығымен жеткізген Н.Байқадамов ауыл, аудан халқын имандылыққа ұйытатын ізгілікті істің бастауында жүрген азаматтарға ел атынан алғысын білдірді. Сонымен бірге қысқа ғұмыр кешсе де, еліне адал қызмет еткен Мөрәлі, Айтмұрат сынды ағаларымыздың артында қалған жарқын істерін жас ұрпаққа үлгі етті. Сондай-ақ Б.Еламанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, Т.Маханов, Қ.Табынбаев, Б.Ұласқанұлы сөз сөйлеп, еліне шарапат шуағын түсірген Мөрәлі ағамыздың адами биік болмысын, қажырлы қайраткерлігін, іскерлігін терең тебіреніспен еске алды. Шара соңында мешіттің іргетасын қалаған Шәменов Айтмұрат ағамыздың жары Әлимаш апамыз және Шәменов Өмірбек ағамыз аудан халқына, ауыл тұрғындарына, қаумалаған қауымға әулет атынан алғысын айтты.
Соғыс және еңбек ардагері, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовтің туған ауылынан ашылып жатқан жаңа мешіттің сыртқы көрінісі өзінің ерекшелігімен көз тартса, іші де шығыс үлгісінде безендірілген. Мешіттің өжіресінде асхана және шәкірттер діни дәріс алатын бөлмелер, сонымен бірге дәрет алатын арнайы орындар бар. Жиылған жамағат ел игілігіне берілген жаңа мешіттің ауыл халқының рухани азық алып, жастарды имани жолға тәрбиелейтін құтты орынға айналатынына сенімді.

Қуат АХЕТОВ
30 шілде 2019 ж. 1 013 0