БАҒА БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік бағасы қаралды, – деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Басқосуда Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу керектігін айтты.
– 14 қарашада Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне және бұл мәселеде тиісті орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан дұрыс бақылау мен үйлестірудің жоқтығына назар аударды, – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар барлық өңірлерде 15 пайыздан астам өскенін атап өтті. Расында, соңғы уақытта халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасында айтарлықтай өсім бары айқын. Мәселен, қарақұмық жармасы 62,9, күріш 32,3, ұн 27,8 пайызға қымбаттаған. Өңірлер тұрғысынан бағаның ең көп өсуі Шымкент пен Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда анық байқалды. Үкімет басшысы бұл өңірлердегі бағаның тұрақсыздығын әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция министрліктерінің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанымен байланыстырды.
Басқосуда Премьер-Министр бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімге арналған нақты шаралар пакетін әзірлейтін жұмыс тобын құруды тапсырды. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция вице-министрлері, Шымкент пен Алматы қалаларының, Қызылорда, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.