Bek Air рейсіне кешігіп қалған жолаушы оқиғасы
Асхат Утепов Алматыға Өскеменнен транзиттік рейс арқылы келген. Бүгін отбасымен қауышу үшін Bek Air ұшағына отырып, Нұр-Сұлтан қаласына жетуі керек болатын. "Мен ел ішінде ұшақпен жиі саяхаттаймын, аэропортқа да алдын ала келіп отырамын. Бұл жолы мені қонақүй қызметкерлері таңғы 5-те оятқанымен, мен онлайн-регистрация өтіп, сәл тынығып алмақ оймен қайта жатқам, ұйықтап кетіппін. Таңғы 9-да бір-ақ ояндым. Барлық танысым қоңырау шалып, Құдай сақтап аман қалғанымды естіп, "екінші рет дүниеге келуіңмен" деп құттықтап жатыр", - дейді Асхат. Жолаушы рейске үлгерген жағдайда аман қалуы екіталай екенін айтады. Себебі ол алдыңғы қатардағы 5А орнына жайғасуы керек болатын. Енді Асхат ата-анасы, жұбайы мен 3 баласын көргенше асық. Еске салайық, бүгін Bek Air әуе компаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы 2100-рейсі сағат 07:05-те ұшып, радардан жоғалып кеткен. Көп өтпей бортында 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған ұшақтың апатқа ұшырағаны белгілі болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Bek Air ұшағы апаты кезінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, "апатқа кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады",- деді.
Толығырақ: https://massaget.kz/mangilik_el/janalyiktar/60275