» » БІРЛІГІМІЗГЕ СЫЗАТ ТҮСПЕСІН ДЕСЕК...

БІРЛІГІМІЗГЕ СЫЗАТ ТҮСПЕСІН ДЕСЕК...

Екі-үш күннен бері Қордайдағы қақтығысқа алаңдаған ағайын Масанчиға байланысты жаңалықтарды қалт жібермей қарап отыр. Ақпан айының 7 жұлдызында Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылында топтық төбелес орын алған еді. Бұл оқиғаға жаппай төбелес деп баға беру айтуға ғана оңай. Әйтпесе, сол жерде болғандарға 7 ақпан күнгі кешкісін болған оқиға дүние дүрмегіндегі дүрбелең секілді көрінген шығар...

Қордайдағы оқиғаға байланысты ар­найы мәлімдеме жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға шұғыл тапсырма беріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысының пәрменімен вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалығымен құрылған Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Хахазов және "Дүнген қазақстандық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Воинце мен қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары кірді. Үкіметтік комиссия Қордайдағы оқиға болған ауылдарды аралап, жергілікті жұртпен кездесті.
Масанчидағы оқиға сол күні полиция кү­шімен тоқтатылып, жағдай толық ба­қылауға алынды. Өкінішке орай адам шы­­ғыны да орын алған. “Egemen ­Qazaq­stan”­ газетіндегі мәліметтерге сүйенсек, комис­сия төрағасына медициналық мекемелерге 12 адамның жатқызылғаны, 20 адамның бақылауда екені және емханадан шығаруға әзірлік жүріп жатқаны баяндалды. Сонымен қатар 5 пациент санитариялық авиация желісі бойынша Алматы қаласына және 1 пациент Тараз қаласына ауыстырылған. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Жалпы медициналық көмекке барлығы 127 адам жүгінген, оның ішінде 84 адам тексеруден соң үйлеріне қайтарылған.
Бұл оқиғадан кейін бәріміздің де кәдімгідей елеңдеп қалғанымыз жасы­рын емес. Жұртты “бәрі неден бас­талды?” деген сұрақ мазалағаны шын­дық. Біреулер дүнгендер қазақтың 80-ге келген ақсақалына қол көтергенін айтады. Бұдан бөлек дүнгендермен полиция қызметкерлері арасында болған келеңсіз оқиға да бар. Әйтсе де, тентексіз ел болмайтынын, оларды тезге салу үшін мұншалықты озбырлыққа барудың қажеті жоқ екенін айтқандар да болды. Әлеуметтік желілер арқылы ойын білдіріп жатқан азаматтар да бар. Тіпті жер-жерде Қордайдағы оқиғаға байланысты “Қамауға алынған қазақ жігіттері босатылсын” деген талаппен үн қосқандар да болды. Полиция тұтқындаған азаматтардың босатылғаны жайлы ақпарат айтылуда. Бұл туралы Үкіметтік комиссия мүшелері жергілікті халықпен кездескенде мәлімдеген.
Аталған оқиғаға орай кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы Бас прокурорға тер­геу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған бар­лық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қам­та­масыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мыр­захметовке Жамбыл облысы, Қор­дай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мү­ліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеу­меттік мәселелер жөніндегі орын­басары С.Құрманбекованы және Қор­дай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Мұ­нымен қоса Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бас­т­ығы А.Оразалиевті және Қордай ау­дан­­дық полиция бөлімінің бастығы А.Айқым­бе­ковті қызметінен алуды тап­сырды. Тағы бір айта кетерлігі, күні кеше Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
Қордайдағы қақтығыс жаппай төбе­леске ұласты. Болары болды бояуы сіңді. Енді Президент айтқандай, кінәлілер жа­залануы тиіс. Бірақ мәселе бүге-шүгесіне дейін зерделеніп, зерттелсе дейміз. Мұндай жағдайға не себеп болды, соның түп-тұқиянына үңілген дұрыс. Бірлігімізге сызат түспесін десек, бұдан былай мұндай оқиғаға жол бермеуіміз керек.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


11 ақпан 2020 ж. 361 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930