БЕС ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ РЕФОРМА ЖӘНЕ ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ
Қыркүйектің алғашқы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Парламент паталарының бірлескен отырысында жасалған Жолдауда әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беріп, Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет екені айтылған.
Негізі Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформа Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болып тұрған тұсында қабылданған. Бүгінгідей алмағайып заманда, бүкіл әлем пандемиямен күресіп жатқан шақта Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының сарабдал саясатына ден қоюы жақсылықтың нышаны деп білген жөн.
Жүз нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары қабылданған шақта баспасөз беттерінде кеңінен талқыланып, тиісінше зиялы қауым мен қарапайым халық тарапынан қолдау тапқаны баршаға мәлім. Саясаткерлер мен экономистер де дамудың жаңа даңғыл жолы екенін айтқан болатын. Түптеп келгенде тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай табыстар тасқынын еселеу, алға қарай қарыштап даму арқылы әлемдік аранедағы саяси беделімізді арттырып, жаһан жұртшылығына өзімізді мойындату мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы келешектің қамы үшін жасалады. Ал Мәңгілік ел қағидасын ұстанған Қазақ елі үшін төрткүл дүниені мойындатып қана қоймай, өзінің барынша өміршең идеяларын жүзеге асырып, егемендігімізді еңселі, тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосылу маңызды. Алдағы меже – дамыған отыздықтың қатарынан көріну болып отыр. «Қазақстан – 2030» стратегиясы жарияланып, экономикасы дамыған елу елдің қатарынан көріну межеленген еді, біз бұл жолды мезгілінен бұрын абыроймен жүріп өтіп, көздеген мақсатымызға қол жеткіздік. Енді «Қазақстан – 2050» стратегиясының айналасына топтасып, көздеген мақсатымызды жүзеге асыру жолында жұдырықтай жұмылуымыз керек. Елбасы болашағымызды жарқын ету үшін бағдарымызды айқындап берді. Ол – бес институционалды реформа, ұлт жоспары болып отырған жүз нақты қадам. Енді осы бес институционалды реформа мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауындағы сабақтасатын тұстарға тоқталайық.
Бес институционалды реформаның “Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет” деп аталатын алғашқы бөлігінде заманауи, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппараты бар мемлекеттің қуатты әрі табысты бола алатындығы айтылған. Осы күнге дейін мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа жол берілудің бірден-бір себебін белгілі бір қамқоршының айналасында қалыптасқан командамен байланыстырады. Көбіне кәсіби емес, бірақ жерлестік, туыстық, жақындық қағидаты бойынша жұмыс жасаған командалар алдымен тамыр-таныстыққа, сонан кейін жемқорлыққа бастайтын жағдай тудыратынын атап, бұл өз кезегінде кадрдың әлеуеті мен біліктілігін төмендететіндігін меңзейді. Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше ден қойылған. Онда “Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз” – деп көрсетілген. Сондай-ақ салық және кеден саласын цифрландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге айтарлықтай көмектесетіні, тіпті «көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып беріп отырғаны жасырын еместігі жазылған.
Бес институционалды реформада мемлекеттік қызметшілер корпусын ағымдағы саяси үрдістер мен жекелеген тұлғалардың тамыр-таныстығына қарамайтындай автономиялы етіп жасау маңызды міндет болып табылатыны айтылған. Жолдауда да мемлекеттік қызмет саласын одан әрі дамыту жайы қарастырылған. Тарихи құжатта: “Осындай түбегейлі реформаны жүргізу үшін мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарау керек. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды. Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті” – делінген.
Институционалды реформаның “Заңның үстемдігі” деп аталатын бөлімінде заңның үстемдігі мен меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз ету керектігіне тоқталады. Жолдауда бұл тұс: “ Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек.
Қылмыстық істер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеген жөн.
Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Оған жиі өзгерістер енгізу құқық қолдану ісіне әсерін тигізеді және бірыңғай тергеу және сот тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
Заңнаманы қолдануға қатысты шешім қабылдау кезінде көбіне тиісті талдау мен болжам жасалмайды. Шешім заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкімшілік» және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады.
Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мәлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткізілді.
«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді” деп құқықтық саланы одан әрі дамыту жайы қарастырылған.
Ал “Орнықты экономика” деп аталатын бес реформаның бірінде сапалық өсімге шығу және экономиканы әртараптандыру үшін индустриаландыру бағдарламасының жүзеге асып жатқандығы айтылса, “Болашағы бір тұтас ұлт” деп аталатын бөлімінде тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұрақтылықты сақтау мен келісімде айтарлықтай табысқа жеткендігіне тоқталып, еліміздің Ата заңы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік беретіндігі туралы сөз етіледі. Сонымен қатар мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтарға ерекше жауапкершілік жүктелетіндігі айтылып, тілдердің үштұғырлылығын дамыту – қоғамды топтастырудың кепілі екендігі негізге алынады.
Болашақты бағдарлаған бес бағыттың соңғысы ашық және халыққа есеп беруші мемлекетке негізделген. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы осы мәселені де қолға алды. Өйткені халық алдында барынша таза һәм адал билік қана есеп бере алатынын көпшілік жақсы біледі. Мемлекет басшысының кешегі Жолдауы Ұлт жоспарымен сабақтасып жатыр. Ондағы берілген нақты тапсырмалар Жолдаудың шын мәніндегі тарихи құжат екенін айғақтап тұр.
Азиз БАТЫРБЕКОВ