ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛСА, КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары алдағы уақытта да өз деңгейінде жүзеге асатыны айтылды. Бұл жалпы қоғам дамуына кері әсер ететін дерт болғандықтан оған қарсы шараларды бір ізге түсірген абзал.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейді. Бұл – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Сыбайлас жемқорлық дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Бұл мәселе барлық елде бар, ол әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді баяулатып, тек өзіне тән көріністермен және ауқымымен ерекшеленеді. Қазіргі отандық әдебиеттерде сыбайлас жемқорлық деп қоғамдық және саяси қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың сатқындығын, оларды сатып алуды, яғни саяси, экономикалық, әскери және тағы басқа да салалардағы қызметкерлердің қолындағы билігінің мүмкіндіктерін және қызмет бабын жеке басын байыту мақсатында пайдалануын айтады.
Жемқорлықпен күрес ең алдымен адами фактордың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне байланысты. Әрбір азамат және әрбір мемлекеттік қызметші қандай жағдайда болсын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру керек. Сол кезде қоғамға төнген қауіптен құтыламыз деп есептеймін. Мемлекет басшысының да онымен күрес шараларын бірінші кезекке қоюымыз керек деуінің негізгі себебі осы.
Д.Мирман,
«Жалағаш – достық мекені»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы