» » Жағдай қайта күрделенді

Жағдай қайта күрделенді

“Қызыл аймақтар” қатарына қосылған Қызылорда облысында ахуалдың жақсара бастағаны хақында жексенбіде жағымды жаңалықты құлағымыз шалған еді. Абзал жандар еңбегінің нәтижесінде Сыр бойының қайта “Сары аймақтар” сапына қосылғаны іштегі қорқынышты бір сейілткендей болды. Жаңа апта басталысымен бірақ бұл қуанышымыз су сепкендей басылды. Яғни дүйсенбіде Қызылорда “Қызыл аймақтар” қатарына қайта қосылды. Демек, қазіргі ахуал әлі де босаңсуды қажет етпейді.

Денсаулық сақтау министрі елімізде әрбір жиыр­масыншы адам вакцина қабылдады дегенімен оның нәтижесін көре алмай отырмыз. Керісінше соңғы уақытта “Қызыл және сары аймақтар” қатарындағы өңірлер саны артып барады. Әзірге бұл екеуінен аман тұрған Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облысы ғана.

Күні кешеге дейін өзіміздің аймақта да 21 248 тұрғын вакцина қабылдапты. Мамандар дертті ден­детпеудің тиімді жолы екпе деп отыр. Бұрынғыдай емес, әр жерден бейресми ақпараттарды естіп алып, оған күмәнмен қарайтын халықтың көкейіндегі күдік те сейілген.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов мамандар кеңесіне жүгініп, мейлінше ресми шынайы ақпараттарға ғана құлақ асқан дұрыс екенін айтады. Себебі әр жерден естіп алған жалған ақпараттар халықтың көкейіндегі күдікті одан әрі ұлғайтып, оның соңы елде дерттің дендеуіне алып келуі мүмкін деп отыр.

– Қазіргі ахуал қай буынға да оңай соғып отырған жоқ. Себебі бұл дерт жас талғамайды. Облыстағы ахуалдың мәз емес екенін күнделікті БАҚ құралдарынан естіп-біліп отырмыз. Сондықтан ел бұрынғыдай той-томалақ, құдайы ас ұйымдастыруды кейінге қалдыру керек. Кеше бір жергілікті басылымды алып қарасам, онда елордада дерттің дендеуіне осындай факторлар себеп болғаны жазылыпты. Ал біздің осындай дү­ниелерді көре тұра әлгіндей той-томалақтар ұйым­дастыруымыз жағдайды одан әрі күрделендірмесе, жақсартпайды. Сондықтан әрбіріміз өзіміздің және жақындарымыздың, ол аз десеңіз тұтас Қазақстанның болашағы қолымызда тұрғанын сезінуіміз керек. Сонда ғана біз бұрынғы қалыпты жағдайға қайта ораламыз. Медицина саласының мамандары шама-шарқынша кеселмен күресіп жатыр. Біздің Жалағаштағы жергілікті дәрігерлер де коронавирусты ауыздықтауда табанды жұмыс жасап жатыр. Мамандар ауданда барлық дәрі-дәрмек, құрал-жабдық қоры жеткілікті екенін айтады. Десе де бұл арқаны кеңге жайып, “Ауырсам, аурухана емдеп алуға қауһарлы екен деп еркін жүре бер” деген сөз емес. Ғылыммен пайдасы дәлелденген вакцинаға деген күмән арылу керек. Сонда ғана біз ертеңге еш кедергісіз қадам баса аламыз, – дейді Кенжеғара Сүлейменов.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасының бұл пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Расында қазіргі жағдай салғырттықты кешірмейді. Тіпті өзіміздің аймақта да тәжтажалдың құрығына ілінгендер тіркеліп жатыр. Мұны естіп-біле тұра көп адам шақырып той-томалақ, құдайы ас ұйымдастыру ақылға қонбайды. Өкініштісі дәл осындай жағдайлар әлі де орын алып жатыр.

Қазақстанда 893 633 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Дәл осы қарқынмен вакцинация жалғаса берсе, бетпердемен қоса дерттен де құтылар күн туары анық. Кеселді жұқтырғандардың ішінен дертінен айыққандар да жоқ емес. Мәселен, бір күннің өзінде Қызылорда облысында 31 адам дертінен айығыпты.

Кеше аймақ басшысының ауданға сапары ба­рысында да дерттің алдын алу шаралары назардан тыс қалған жоқ. Өңірдегі ахуалмен танысқан облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова вакцинация белсенді жүрген елдер қазір баяғы қалыпты жағдайға қайта оралғанын жеткізіп, оған басымдық беру қажеттігін назарға салды.

Қалай десек те қазіргі жағдай мәз емес. Сондықтан елдің ертеңі үшін барынша сақтанып жүру қажет. Шұғыл шаруаң болмаса, қоғамдық орында әншейін жүрудің өзі қауіпті болып қалды қазір. Себебі бұ­рынғыдай тексеріспен жіберетін блок бекеттер жоқ, барлығы барам деген жеріне емін-еркін барып-ке­ліп жатыр. Ал олардың бірінің болса да сол дертті жұқтырып келмегеніне кім кепіл? Сондықтан мемлекет бекіткен ереже-талаптар сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалған қадам екенін түйсігімізбен түсінейік.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

27 сәуір 2021 ж. 139 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930