» » ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Әлемге таралған коронавирусты инфекцияның алдын алу, оның таралуын болдырмау және ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында әлдеқашан елде вакциналау жұмыстары басталып кетті. Республиканың барлық өңірінде қарқынды жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып, тіпті еріктілер саны да артуда. Бұған дейін де вакцина қабылдаудың тиімділігі, ұжымдық иммунитеттің індетке тойтарыс беруге көп әсері болатыны жөнінде бірнеше рет газет бетінде мақала жарияладық.

Бұл турасында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да «Жағдайдың таяу күндері немесе тіпті бір айда өзгеретінін күтудің қажеті жоқ. Азаматтардың басым бөлігі 2-3 ай ішінде вакцина алғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың саябырсығанын сезетін боламыз. Вакцинация, әрине өз әсерін береді, бірақ бұл ұжымдық иммунитет пайда болған кезде, шамамен күзге жақын болады» деген болатын. Расымен бұл жерде ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор. Ол үшін халық жаппай екпе қабылдауы тиіс.

Жалпы екпе жұмысы алты кезең бойынша жүзеге асырылуда. Тағы да айта кететін болсақ, бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәр­дем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауру­ха­налардың қабылдау бөлмелерінің медицина қыз­меткерлері, санэпидқызмет қызметкерлері, екінші ке­зеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының пе­­­дагогтары, ведомстволық медициналық қыз­ме­­­тінің қызметкерлері, үшінші кезеңде мектеп-ин­тернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар, содан кейін Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, сонан соң медициналық-әлеуметтік мекемелердің контигенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар, соңғы кезеңде тәуекел тобындағы қалған контигенттер қарастырылған.

Негізі коронавирусты инфекциясына қарсы вак­цинация қарапайым вакцинациялаудан айырмашылығы жоқ. Тек КВИ-ға қарсы вакцина алғаннан кейін иммунитет қалыптасқанша 14 күн сақтық шараларын сақтай отырып, қоғамдық орындарға бармау керек.

Вакцинациялау жұмысы барысында бірнеше та­лап­­­тар ескеріледі. Біріншіден, вакцинациялауға про­­­­филактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адам­­­дар жіберіледі. Вакцинация жүргізер алдында дене температурасын өлшеу, жүрек жиырылуының жиі­лігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу се­кілді дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Егер тем­пература 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қал­дырылады. Егілетін адам егуді жүргізу алдында жаз­баша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, халық арасында ұжым­дық иммунитет қалыптастыру мақсатында екпе егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тіпті «Covid-19» коронавирус инфекциясына қарсы екпе егуге бай­ланысты аудандық емхананың жылжымалы диаг­ностикалық кешені ұйымдастырылып, ауылдық жер­лерде тұрғындарды вакцинациялауға кірісті. Мамыр айының үші күні Мәдениет және Мырзабай ахун ауы­лында басталған медицина мамандарының сапары келесі күні Еңбек, Есет батыр және Жаңадария ауылдық округтерінде жалғасты. Кестеге сәйкес Жаңадария ауылына табан тіреген жылжымалы диагностикалық ке­шен өңір тұрғындарының арасында вакцина қабылдауға аудан орталығына баруға мүмкіндігі болмағандарға екпе егіп, дәрігерлік қызметтерін көрсетті. Ауылдық медпунктке жиналған ауыл тұрғындары медицина ма­мандарымен азын-аулақ сұқбат құрып, вакцинаның кері әсері туралы және халық арасындағы алып-қашпа әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатынына көз жеткізуге тырысты. Әрине ақ халаттылар тарапынан ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана әлем елдеріне таралған қауіпті індеттің таралуын тоқтатуға, қанша жанның өмірін аман алып қалуға болатынын түсіндірді. Екпе жұмыстары кезінде алдымен тұрғындардың қан қысымы, жүрек соғысы секілді медициналық тексерістен өтуі қадағаланды.

Дәрігерлердің айтуынша, вакцинаның кері әсе­рі кей адамдарда ғана кездесуі мүмкін. Мұндай жағ­дай вакцинациядан кейінгі бірінші, екінші тәулікте байқалады және 3 күнге дейін бұл қалыпты болып табылады. Көбінесе қысқа мерзімді қалтырау, дене температурасының жоғарылауымен сипатталатын қыс­қа тұмау тәрізді синдром, артралгия, миалгия, астения, жалпы әлсіздік, бас ауруы және инъекция орнындағы ауырсыну, гиперемия, ісіну секілді реак­циялар болуы мүмкін. Бірақ жаңа жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл қалыпты ауырсынуларға жатады.

Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Астарында кез келген қиындыққа бірлесе төтеп бергенде, бес саусақты біріктіріп әрекет еткенде ғана діттеген мақсатқа жетіп, ойлаған істен оң нәтиже шығаруға болатынын айтады. Ал қазіргі коронавирусты инфекциясына қарсы тұрудың жалғыз амалы вакцина қабылдау болса, бұл жерде де төртеу түгел болса ғана індетті ауыздықтауға мүмкіндік көп екенін түсіну керек. Яғни вакцинаны жаппай қабылдап, халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырсақ, онда медицина мамандары айтқандай, таяу арада кешегі алаңсыз күнімізге ораламыз. Қысқасы, «Бірлік бар жерде, тірлік барын», «Сақтансаң, сақтайтынын» естен шығармасақ...

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
05 мамыр 2021 ж. 867 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930