Тоқаев "Байқоңырды" жалға беру мерзіміне қатысты заңға қол қойды
"Байқоңыр" кешенін жалға беруден республикалық бюджетке жыл сайын 115 миллион АҚШ доллары түседі НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Байқоңыр" кешенін жалға беруге қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы "1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңға қол қойды.
Бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2004 жылы "Байқоңыр" кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылғанын еске салды. Осыған байланысты 1994 жылғы жалға беру келісімшартының 4-бабына өзгеріс енгізілген болатын.
Бұл түзетулер ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алуды ұзарту және пайдалану туралы міндетті іске асыруға мүмкіндік береді.
Ресми мәліметке сәйкес, "Байқоңыр" кешенін жалға беруден республикалық бюджетке жыл сайын 115 миллион АҚШ доллары түседі. 27 жылдың ішінде шамамен 3,1 миллиард доллар төленді.
Сондай-ақ президент "Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды.