Жамбыл облысының әкімі қанша жалақы алатынын айтты
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жалақысының қанша екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өңір басшысы журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат берді. Әңгіме барысында Аралбайұлы әкімнен жалақысының қанша екенін сұрады.
"800 мың", деді Бердібек Сапарбаев.
"Қолға алатыныңыз ба?"
"Иә. Менің еңбек өтілім көп қой", - деп қысқа қайырды облыс басшысы.
Сондай-ақ Сапарбаев ешқашан пара алмағанын айтты.
"Мен әр уақытта арым таза екенін айта аламын. Мен еш уақытта пара алған адам емеспін", - деді әкім.
Бұнымен боса Жамбыл әкімі әлеуметтік желіде өзіне тағылған айыптарға жауап берді.
"Әлеуметтік желіде сізге тағылған тағы бір айып: Ақтөбе облысы әкімі болып отырғанда, әкімдікке 1,7 миллион теңгеге орындық, 500 мың теңгеге ыдыс алдырыпсыз. Осы рас па?" деген сұрақ қойылды.
"Біріншіден ол менің есімде жоқ. Екіншіден, ондай ақымақ емеспіз ғой. Оны жазған адам дәлелдесін. Кім алды, кім тапсырыс берді, ақша қайдан кетті. Олай болуы мүмкін емес", - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетсек, Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысын 2020 жылдың ақпанынан бері басқарады.