Қызылордада 100 оқушы олимпиадаға дайындалып жатыр
Облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменова мен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова және облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова қаламыздағы №9 «Білім-инновация» лицейінде өтіп жатқан «Сыр Дарыны» білімділер академиясының олимпиадаға дайындық оқу курстарына қатысып, білім алушылардың білім жетілдіру процесімен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық білім басқармасының қолдауымен аймағымызда «Сыр дарыны» білімділер академиясы өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде академия іріктеуден өткен 8-9 сыныптардың 100 дарынды балаға оқыту курстарының ІІ кезеңін өткізуде.
Олимпиадаға оқыту курстары физика, математика, химия, информатика, биология пәндері бойынша өткізілуде. Оқушыларға сабақты І кезеңде жергілікті мамандар даярласа, ІІ кезеңде «Edlight academy» қорының Халықаралық, Республикалық дәрежедегі тәжірибелі тренерлері қазақ және орыс тілдерінде жүргізуде.
Олимпиадаға дайындық курстарының жұмысымен танысқан Балжан Шаменова алдағы уақытта академия оқушыларына әр тоқсан сайынғы оқытуларды жиірек өткізуді тапсырып, дарынды балаларды қолдау мақсатындағы бұл жобаға оң бағасын берді.
Айта кетейік, «Сыр Дарыны» білімділер академиясының жұмысы алдағы уақытта дарынды балаларға арналған мектеп интернаттарында, жыл бойына жұмыс жасайтын «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы» мен «Қамбаш» сауықтыру және қосымша білім беру орталықтарында жалғасады деп жоспарлануда.