Қазақстан дәрі-дәрмекті елден шығаруға тыйым салмақ

Бұйрықтың жобасы бойынша, Қазақстан аумағынан кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтикалық субстанцияларды, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтауыштарды әкетуге 6 ай көлемінде тыйым салу ұсынылған.
Дегенмен, дәрі-дәрмектің бірнеше санатына бұл құжаттың талабы жүрмейтіні айтылған. Олар:
– Қазақстанның аумағы арқылы өтетін транзиттік тауарлар;
– жеке тапсырыстар бойынша тек жеке пайдалануға арналған медициналық бұйымдар;
– халықаралық ізгілік көмек көрсетуге арналған тауарлар;
– бөлшек саудада өткізу шеңберінде жеке пайдалану үшін әкелінген және сатып алынған тауарлар;
– тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде алынған дәрілер;
– өткізу құқығынсыз көрмелер өткізуге арналған үлгілер;
– зерттеулер мен сынақтар жүргізуге арналған үлгілер;
– денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалып, қолданылған радиофармацевтикалық препараттар;
– мемлекеттік тіркеу кезінде сараптама жүргізуге арналған үлгілер;
– пациенттің немесе оның донордың аутологиялық биоматериалдарын пайдалана отырып қабылданатын, жеке қолдануға арналған алдыңғы қатарлы терапия дәрілері;
– ЕАЭО кедендік аумағына келген көлік құралдарының жолаушылары мен экипаж мүшелерін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер;
– халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер;
– Қазақстан тауар өндірушілері өндірген, оларға қатысты тыйым салынған «СТ-1» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификатпен сүйемелденетін дәрі-дәрмектер.
Құжат көпшіліктің талқылауына 6 сәуірге дейін ұсынылмақ. Жобаның мәтінімен мына жерден танысуға болады.