ТЫНЫМСЫЗ ТӨККЕН ТЕР ТӨРГЕ ТАРТАДЫ
Кеше Қызылорда қаласында 2017-2018 жылдардың қыс-көктем айларындағы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша өткен мәжілісте облыс әкімі Қ.Көшербаев су тасқыны маусымында жауапты тұлғалардың өзара үйлескен іс-қимылының арқасында адам шығыны болмағанын және тұрғын үйлерге зақым келмегенін атап өтті. «Биылғы мұз жүру маусымын аса көп шығынсыз өткіздік. Бұл Сырдария өзені бойындағы су шаруашылығы нысандары атқарған жұмыстардың оң нәтижесі десек те болады. Алайда, босаңсуға болмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз қажет», - деді облыс әкімі. Сонымен бірге аймақ басшысы, аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларына келесі су тасқыны маусымына дейін өзен бойында қауіпті аймақтарды анықтап, қалпына келтіру жұмыстары мен су шаруашылығы нысандарын жөндеуді және өзге де қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды
Мәжіліс барысында су тасқынына қарсы дайындық шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, атқара білген жауапты ұйым қызметкерлері мен еріктілерден құралған жасақ мүшелері аймақ басшысының алғыс хатымен марпатталды. Марапат иелерінің ішінде Жалағаш ауданы, Шәменов ауылдық округі әкімі Әбдіғани Шадаев та бар.
– Көктем жақындағаннан Сыр жағалай қонған халық әбігерге түседі. Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл бола алмайсың, әрине. Алайда, төтенше жағдайдың алдын алу – табиғат апатынан келетін шығынды төмендетеді. Биыл да жылдағы дағды бойынша дарияның мұзы сөгілетін мезгілден бастап, сақтық шаралары мейілінше күшейтілді. Аудан аймағында Шәменов ауылдық округі су басу қаупі жоғары учаскелердің бірі. Алайда, біз сең жүру кезеңінен бастап қауіпті аймақтарды жіті бақылауға алдық. Мәселен, ауылдағы №34 орта мектеп, ауылдық мәдениет үйі, №18 балабақша, ауылдық емхана, «Мега агро» ЖШС және ауыл тұрғындарынан құрылған еріктілер жасағы Сырдария өзенінің Тар-1, Тар-2 учаскелеріндегі қорғаныс бөгеттерінің осал тұстарын құм толтырылған қаппен күшейту жұмыстарына жұмылды. Сондай-ақ, кезекшілік ұйымдастырылып, дария арнасы тәулік бойы бақыланды. Бұл жұмыстарға «Мега агро» ЖШС-і және жеке кәсіпкерлер мен мекемелердің техникалары және 120 адам қатысты. Апат айтып келмейді. Әйтсе де, сақтансаң ғана сақтаймын деген ескертуді естен шығармауға тиіспіз, - дейді Ә.Шадаев.
Қуат АДИС.