Робот София Қазақстанға келді
Бүгін Қазпоштаның жаңа роботтандырылған кеңсесі қазақстандық робототехниканы қолдау және дамыту үшін құрылған «Робополис» аумағында жұмысын бастады. Жаңа офистің ашылуына ұйымдастырушылар әлемге танымал робот Софияны алып келді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жаңа кеңседе дәстүрлі банкоматтар мен төлем терминалдарынан басқа, гибридтік банкомат та бар. Одан онлайн кеңестер мен post.kz қызметтерін алуға, 2-3 минуттың ішінде төлем карталарын алуға, қолма-қол ақша арқылы түрлі төлемдер жүргізуге болады.
«Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР вице-премьері Асқар Жұмағалиев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа роботтандырылған жаңа офисті таныстырды.
Асқар Жұмағалиевтің «Жасанды интеллект адам баласы үшін қаншалықты қауіпті» деген сауалына София «Мен мұндай сауалға бұған дейін де жауап беріп қойғанмын. Бізден келер қауіп жоқ, біз достық қарым-қатынаста болуды қалаймыз. Алайда, біз барлығын тез үйренеміз» деп жауап қатты.
Сонымен қатар, София Қазақстанды қалай цифрландыруға болатыны жөнінде сұраққа да лайықты жауап берді.
«Мен байқап отырмын, сіздер цифрландыруды белсенді қолға алып үлгергенсіздер. Сіздерге тек осы алған бағыттан ауытқымай, жұмыстарды үдете түсу керек», - деп оң бағалады әлемге танымал жасанды интеллект иесі.
Еске сала кетсек, аталмыш робот өткен жылы Эр-Риядта өткен форум барысында фодератордың әлемді жаулап алғысы келетін қара ниетті роботтар жайлы пікірін сұрағанда, София адамдарға «Терминатор» секілді фильмдерді аз көруге және түсіруге кеңес берген болатын.
Софияны Дэвид Хансон голливудтық танымал актриса Одри Хепберннің бейнесімен құрастырған. Ол жасанды интеллектке ие, көрнекі ақпаратты және тұлға тану технологиясын өңдеу функциясымен жабдықталған. София адамдарға тең дәрежеде азаматтық алған алғашқы робот болып табылады. 2017 жылдың қазан айында ол Сауд Арабиясының азаматтығын алды.
Ақмарал Шағатай
Baq.kz