АЛҒАШҚЫ РЕЙС ӘУЕ ЖОЛЫНДА
Дүйсенбінің таңында Қорқыт ата әуежайына «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» бағытына қатынайтын Airbus A 320 әуе кемесі сәтті қонды. Ресейлік «Аэрофлот» әуе компаниясының ұшағы алғашқы рейсте 139 жолаушыны Сырға жеткізді.
Жаңа әуе бағыты бойынша ұшақтар аптасына 4 рет қатынайды. Яғни дүйсенбі, сейсенбі, жұма, сенбі күндері көрші елдің астанасынан қонақ күтіп немесе шығарып салуға болады. Бұған әсіресе Ресей елінде оқып жатқан Сыр жастары қуанышты. Соның бірі алғашқы рейс жолаушысы, К.А.Тимирязев атындағы Москва ауылшаруашылық академиясының 3 курс студенті Мақсат Ибрагимов. «Енді Мәскеуге қатынауға соншама күн уақытымыз бен көп қаражат кетпейді. Билет құны қолжетімді, уақытын үнемді, қызмет көрсетуі ұнамды. Облыс басшылығына алғысымды білдіремін, – дейді.
Алғашқы халықаралық әуе тасымалына дайындық мамыр айында басталған. Қорқыт ата әуежайының ұшқыш, стюард және басқа да техникалық қызметкерлері Мәскеуден келген «Авиациялық аэрофлот мектебінің» мамандары әзірлеген оқу-сынақтан өткен. Сондай-ақ, Мәскеуге қатынайтын Airbus А 320 және 321, Boeing 737 әуе кемелерінің техникалық даярлығы да толық тексерілген.
Бұл жолғы жолаушылардың дені жұлдызды қалашық – Байқоңырды бетке алды. Байқоңырдан әуежайға арнайы қатынайтын жайлы автобустар желісі іске қосылған. Жолаушының бірі – Мария Шумихина көптен көрмеген ата-анасына келе жатыр. Ол төлқұжатты бақылаудың жылдам жұмыс атқарғанына разы. Енді жайлы жолмен, жарақталған автобуспен жұлдызды қалашыққа жылдам жетіп, сағынышын баспақ.
Мәскеуге келіншегі мен ұлын шығарып салған байқоңырлық Сергей Кошелев те жаңа рейстің жыл он екі ай ұшқанын қалайды.
– Ұлымның мәскеулік оқу орнына түспек ойы бар. Біздің қаладан Мәскеуге чартерлік рейс бар. Бірақ билет бағасы 3-4 есе қымбат. Енді Байқоңырдан автобустар жиі жүрсе жолаушылар саны артатынына күмәнім жоқ. Мәскеу мен Байқоңырдың арасын жақындатқан жергілікті билікке алғысым мол, – дейді Сергей.
Билет құны сатып алған уақытына қарай бизнес класстың төменгі құны – 167 мың теңге болса, эконом-класс 26 мың теңгеден басталады. Кесте бойынша ұшақ жергілікті уақытпен 06:10-да қонады, ал 07 сағат 20 минут өткенде қайта ұшып кетеді. Осы ретте әуежай диспетчерлері жолаушыларды тіркеу әдеттегіден ерте жүзеге асырылатынын айтады.
Тағы бір жаңалық. Қорқыт ата әуе жайынан алдағы уақытта Мәскеумен қатар Түркия, Қырғыз елдерінің астанасына да тікелей қатынайтын әуе бағыттары ашылмақ. Бүгінде аталған елдердің әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
http://www.syrboyi.kz