» » ел жастарға сенеді

ел жастарға сенеді



Жастар қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, мәңгілік ел болуына нық қадам бастайды.
Әлем жұртшылығы асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың иесі жастар екенін мойындап, олармен санасады. Сондықтан, жыл сайын 12 тамыз Халықаралық жастар күні мерекесі ретінде тойланып келеді. Биылғы жылы да жалағаштық жастар айтулы мерекені жоғары деңгейде өткізді.


Сәрсенбі күні халықаралық жастар күні мерекесіне орай кент тұрғындары мен аудан жастары орталық алаңға жиналды. Биылғы жылы аудан көлемінде алғаш рет қазақстандық патриотизмді арттыруға елеулі үлес қосқан дарынды, белсенді жастарды қолдау мақсатында Жалағаш ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы тағайындалған болатын. Өңір басшысының арнайы сыйлығына үміткерлер түрлі сала бойынша ұсынылды. «Жалын» жастар сыйлығы әр саладағы талантты жастарды таныту, олардың жетістіктерін, айрықша сіңірген еңбектерін көрсету, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңірдің өсіп-өркендеуіне жас та болса өзіндік үлесін қосып жүрген белсенді буын өкілдерін мерекемен құттықтады.
– Жастар – еліміздің ең белсенді буыны. Олар салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттің индустриалдық-инновациялық дамуына өз үлесін қосса, қоғамға пайдасын тигізіп, сапалы білім алуды басты міндетіне айналдырса келешегіміздің кемел болатыны сөзсіз. Өз күш-жігерлері мен алған білімдерін елдің өркендеуіне жұмсайтын жастары бар қоғам мақсатты межеге жетері анық.
Былтырғы жылы «Жастар – туған жерге!» атты жастар форумында аудан жастарының атынан жастар сыйлығын тағайындау жөнінде ұсыныс түскен болатын. Биылғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жастарға арналған 4 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, қаржы көлемі екі есеге ұлғайды. Біз арнайы іріктеу комиссиясының шешімімен түрлі салада еңбек етіп жүрген жалынды жастарды марапаттауды ұйғардық. Бұл игі шара келесі жылы да дәстүрлі жалғасын табатын болады. Біз жастарды қанаттандырып, жоғары жетістіктерге жетуіне ынталандыруымыз қажет, – деді өңір басшысы Қайратбек Әубәкірұлы.
Мұнан соң, аудан басшысы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда өзіндік үлесін қосып, өз саласында жоғары жетістіктерге жеткен 10 жасқа Жалағаш ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығын, арнайы сертификат және қаржылай сыйлық табыстады. Сондай-ақ, шара барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері марапат төрінен көрінді. Айталық аз қамтылған көп балалы отбасыларға, ардагерлерге көмек көрсеткені үшін «Ер Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжановқа «Жыл меценаты» номинациясы табысталды. Сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыруға, мәдениет, спорт салаларына демеушілік көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев «Туған өлке» номинациясына ие болды. Сонымен қатар, белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағытта кең ауқымды қайырымдылық қызметі үшін жеке кәсіпкер Ақшагүл Махатоваға «Жыл тұлғасы» номинациясы, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда, оның ішінде қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрін енгізгені үшін аудандық «Иманқұл» мешіті бас имамы Айбек Мәдиевке «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы, еріктілік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бөлім басшысы Айдос Қожамұратовқа «Ерен еріктілік» номинациясы табыс етілді.
Халықаралық жастар күні мерекесіне арналған салтанатты шара аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Н.НАУАН.


18 тамыз 2018 ж. 1 271 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930