Қызылордалық полицейлер Конституция күнін атап өтті
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында 25 тамызда Мемлекеттік Рәміздер аллеясында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің басшылығы, жеке құрамы, ішкі істер органдары ардагерлері және облыстық ішкі саясат бақармасы өкілдерінің қатысуымен мерекелік шара болып өтті.
Алаңда Ішкі істер департаментінің қызметкерлері 6 қорапта сап түзеді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп Мемлекеттік Әнұраны ырғағымен ашылды. Одан кейін ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың арнайы құттықтау жеделхаты оқылды.
Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары Жарас Оспанов сөз алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, «Конституция күні» мерекесінің полиция қызметкерлері үшін ерекше маңыздылығын атап өтті.
Бұдан кейін, шара барысында Ішкі істер министрлігінің және облыстық ішкі істер департаменті бастығының мерекелік марапаттау жайлы бұйрығы жеке құрамға таныстырылып, қызметте кәсіби біліктілігінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, қызметтік міндетін қажырлы әрі адал орындаған ішкі істер органдарының 16 қызметкері Ішкі істер министрінің құзырымен, 149 қызметкері департамент бастығының құзырымен марапатталды.
Атап айтқанда, ҚР ІІМ «Құрмет грамотасымен» ЖПҚ-нің жол-патрульдік батальонының командирі полиция полковнигі Әденов Қайрат, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Қуаныш Оразов, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен ЖПҚ батығының орынбасары полиция майоры Оспанов Азамат марапатталды.
Салтанатты жиын соңы жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Полиция қатарына жаңа қосылған 20 жас маман қызметті адал және абыроймен атқаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Әскери өмірге аяқ басқан жас буынды айтулы күндерімен ішкі істер органы ардагерлерінің атынан Қызылорда ҚІІБ-ның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алмағанбетов Жақсылық құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.
Мерекелік шара жеке құрамның салтанатты шеруімен аяқталды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі