» » ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ


Мерекелік жиында сөз алған аудан басшысы Қ.Сәрсенбаев аудан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, 2017 жыл берекелі, молшылық жылы болғандығын айтты.
– Өткен жылға өкпе жок, келер жылдан үміт көп. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2017 жыл жалағаштықтар үшін де берекелі, жемісті жыл болды. Ауданымызда ауыл шаруашылық саласы, инвестиция тарту, құрылыс көлемін арттыру бойынша жақсы көрсеткіштерге жеттік. Бизнестің жол картасы – 2020 бағдарламасы бойынша жыл басынан бері жалпы құны 551 млн теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, ауданда мәдени, спорттық шаралар өтіп, аудан абылойын асқақтатты. 2018 жылы да ауданда ауқымды жұмыстар атқару жоспарланып отыр. Еліміздің бас шаһары Астана қаласының 20 жылдығына, сонымен қатар, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына, Социалистік еңбек ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өткізілетін болады. Осыған орай аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар нақтыланып, дайындық шаралары басталып кетті. Құрметті жиналған қауым! Біздің қол жеткізген жетістіктеріміз бен табыстарымыз Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты және қазақстан халқының бірлігі мен жасампаздығының жемісі болып табылады. Біздің ең басты байлығымыз – бірлік. Біз жаңа жылға ізгі ниетпен, жақсы үмітпен қадам басамыз. Қадірлі аудан тұрғындары, құрметті қонақтар! Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл елімізге ынтымақ ырысын алып келсін, береке мен татулық жылы болсын. Тәуелсіз елімізге тыныштық, отбастарыңызға амандық тілеймін!, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаеваға, кәсіпкер Анар Қалыбековаға облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыс етсе, Әбдіғаппар Ысқақовқа «Ауданның құрметті азаматы» атағын берді. Сондай-ақ, жыл қорытындысымен елеулі еңбегімен жетістікке жетіп, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан сала мамандары марапатталды. Олардың қатарында 2017 жыл қорытындысы бойынша ауданның журналистика саласындағы ерекше еңбегі мен жетістіктері үшін «Үздік журналист» номинациясын иеленген Қуат Ахетовте бар.
    Күні ертең есігімізден енгелі тұрған жаңа Ит жылы қашанда халқымыз үшін жайсыз болмаған. Жеті қазынаның бірі деп бағалаған жануардың ерте заманнан жақсылыққа тілеуқор, адам баласының сенімді серігі екенін ескерсек, аяқ басқан  жаңа жыл да жағымды жаңалықтарға толы, берекелі жыл болмақ. Мерекелік кеште мәдениет үйінің өнерпаздары ит жылындағы тарихи маңызды оқиғаларды сахналап, әуелете ән шырқап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

01 қаңтар 2018 ж. 1 408 0